ҚОМАҚТЫ ҚАРАЖАТ ҚОЛДЫ БОЛҒАН
мәселенің мән-жайы белгілі болды
Су тасқыны елімізді біраз сарсаңға салды. Бірқатар өңірлерде үйінен үдере көшкен жұрт мектеп пен өзге де мемлекеттік нысандарды паналады. Су кешіп, жан сауғалап қашқандардың қатарында қарттар да, ауыр дертке шалдыққан азаматтар да, бесіктен белі шықпаған сәби мен аяғы ауыр жандар да бар. Табиғаттың тосын мінезіне төтеп бере алмағанымыз айқын. Ендеше ай мен күннің аманында салаға бөлініп жатқан қыруар қаражаттың есебін сұрап, елдің есін шығарған тасқынға титтей болсын кінәлілер жазасын ала ма? Тарқатайық…
Жуырда ғана бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желіде кәсіпкер мен жұрттан жинаған, қала берді, мемлекет бөлген қаражаттың қолды болып жатқаны турасында ақпарат тараған болатын. Бұл онсыз да жүйкесі тозған жұрттың ашуын әбден келтірді. Қолды болды делінген қаражаттың көлемі – 1 млрд теңге. Мұны қаржының жұмсалуына жауапты мекемелердің жауапсыздығына жабуға болатын еді. Сөйтсек, бізге, яғни көпке жеткен ақпаратта анықталмаған тұстар бар екен. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов Мәжіліс кулуарында айтып берді. Оның сөзінше, гидрологиялық нысандарды салуға бөлінген бюджет қаржысының тиімді жұмсалуы бойынша тексеру жүргізіліп жатыр. 4 қылмыстық іс қозғалған. Істің дені бюджет қаржысын жымқыру дерегіне қатысты болса, бір факт дамбыға заңсыз қызмет көрсетуге байланысты болып отыр. Жалпы 1 млрд теңге бюджет қаржысы ұрланған. Бұл қаражат гидрологиялық нысандарды күтіп-ұстауға осыған дейін бөлінген. Енді бөлінген 140 млрд теңгеге қатысты емес.
Қаражатты жымқырды деген күдікке ілінгендер қатарында тендер алған кәсіпкерлер мен құжатқа қол қойған лауазымды тұлғалар бар. Дегенмен қылмыстық істер бойынша әлі ешкім тұтқындалған жоқ. Тергеу барысында дерек пен мән-жай толық анықталады. Содан кейін ғана нақты тұлғаларға қатысты қылмыс санаты белгілі болмақ.
С.НҰРАЙ.