ЖЫЛ БАСЫНАН БЕРІ ҮШІНШІ МЕГАПОЛИСКЕ 11 МЫҢҒА ЖУЫҚ ШЕТЕЛДІК ТУРИСТ КЕЛДІ

Туризм – әлемде дамуы жағынан дес бермей келе жатқан ауқымы кең сала. Әлемде аталған саламен ғана дамып, байып елдің ішкі және сыртқы экономикасын қалыптастырып отырған мемлекеттер бар. Осы орайда, еліміздегі туризм саласын қалыптастыруға және дамытуға географиялық картасы да, орналасу аумағы да, табиғаты да сай келеді. Осы басымдық ескеріліп, Үкімет пен жергілікті әкімдіктер тарапынан ауқымды бастамалар көтеріліп жатыр. Нәтижесінде Қазақстанға туристердің келу үрдісі жалғасып жатыр. Айталық, еліміздің үшінші мегаполисі саналатын Шымкентке шеттен келетін қонақтардың саны артқан.

Нақтырағы, «e-Qonaq» желісіндегі сараптамалық көрсеткіш бойынша үшінші мегаполиске 3 ай ішінде шетелден 10 837 қонақ келген. Олардың көбі – Өзбекстан, Ресей, Қытайдан келген туристер. Шетелдіктердің басым бөлігі «Shym Qala» тарихи-мәдени орталығы мен «Арбат» демалыс алаңына қызығушылық танытып отыр. Статистикаға көз жүгіртсек, сұранысқа ие туристік орталықтар қатарында қалалық саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі, тарихи-өлкетану мұражайы мен «Бәйдібек би» монументі бар. Кез келген қала қонағы мегаполистің демалыс орындары туралы «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығының дүңгіршектері арқылы біле алады. Жыл басынан бері орталық 100-ге жуық азаматқа қызмет көрсеткен.
Дүңгіршектер Әл-Фараби алаңы, 2/10 және Бакбаев көшесі, 51в мекенжайында орналасқан. Айта кетейік, туризм басқармасы тарапынан қала туризмін дамытуға үлес қосқан бизнес иелері үшін ынталандыру шаралары қарастырылған. Басқарма туристік қызмет объектілерін салу және реконструкциялау кезіндегі шығындардың 10 пайызын өтеп, туристік автобустарды сатып алу бойынша 25 пайыздық өтемақы береді. Сонымен қатар жол бойындағы сервис объектілерін салу кезінде 10 пайыздық өтемақы қарастырылған және кәсіпкерлік субъектілерінде санитариялық-гигиеналық тораптарды ұстауға ай сайын 83 300 теңге мөлшерінде субсидия бөлінеді.