ТҰРҒЫН ҮЙ САЛАСЫНА ҚАТЫСТЫ ҚЫЗМЕТТЕР АВТОМАТТАНДЫРЫЛҒАН
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында дамыған заманда бәсекеге қабілеттіліктің негізгі факторларының бірі – толыққанды цифрландыру екенін айтқан болатын. Қазақстан үшін заманауи цифрлық технологияларды ендіру аса маңызды. Сонымен қатар цифрлық технологияларды дамыту – жалпы еуразиялық экономикалық кеңістіктің көздеген мақсаттарының бірі. Бұл бағытта өңірімізде айтарлықтай ілгерілеу бар. Айталық, қоғамның бірқатар салалары цифрлық жүйеге көшті. Бұл ғана емес, қазіргі таңда көптеген салаларда автоматтандыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.
Қазіргі таңда Шымкентте тұрғын үй саласына қатысты мемлекеттік қызметтер толық автоматтандырылған. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке алу және кезекке қою, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың тұрғын үй беру туралы шешім қабылдауы республика бойынша kezekte.kz электрондық порталы арқылы іске асырылады. Порталдағы кезек ашық түрде жүргізіледі. Кезекте тұрған тұрғын үймен қамтылған азаматтар туралы, кезектің жылжу реттілігі, сондай-ақ ашық бюджет ақпараттары кез-келген қызмет алушыға қолжетімді.
Қала әкімдігінің тұрғын үй комиссиясының шешімімен үй бөлінген және кезекте тіркелген азаматтардың тізімдері басқарманың ресми сайтындағы құжаттар бөлмінде жариялануда. Сондай-ақ бұл тізім «Шымкент келбеті» және «Панорама Шымкента» қалалық қоғамдық-саяси газеттерінде жарияланып жатыр. Автоматтандырылған жүйе заң бұзушылықтың алдын алып, баспанамен қамту мәселесін Заңға сәйкес шешуге мүмкіндік береді. Айта кетейік, салалардағы қызметтердің автоматтандырылуы жұмысты жеңілдетіп, жемқорлық фактілерінің алдын алуда.