11 МЫҢҒА ЖУЫҚ АЗАМАТТЫ ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТҚА ОҚЫТУ ЖОСПАРЛАНҒАН
Бүгінде әлеуметтің желкесіндегі несиенің көлемі күн сайын артып барады. Кредиттің мұншалықты көп болуы және мерзімі өткен несие көлемінің арта беруінің бір ұшы қаржылық сауатқа келіп тіреледі. Осы орайда, «Қарызсыз қоғам» жобасын жүзеге асыруды Мемлекет басшысы қолдап, оның ауқымын жалпыхалықтық деңгейге шығаруды тапсырған болатын. Сондай-ақ Президент «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты халыққа Жолдауында да «Қарызсыз қоғам» жобасының қоғам алдындағы тиімділігі жоғары екенін ерекше атап өтті.
Айта кету керек, «Қарызсыз қоғам» жобасы халықтың қаржылық сауатын арттыруға бағытталған. Аталған жобада несие бойынша берешегі бар және борышкерлер тізімінде тұрған ауыл тұрғындары, қарызы бар және оның мерзімін өткізіп алған азаматтарға нақты қолдау көрсетеді. Сонымен бірге бұл жоба қолда бар қаражатқа өмір сүруге, қажетсіз несиеден бас тартуға үйретеді. Осыған орай, әрбір Қазақстанның азаматын өз қаражатын тиімді әрі нақты мақсатта пайдалану, алған несиесін жүйемен пайдалануға бағыт-бағдар беру аясында осы жоба іске асып отыр.
Аталған жоба биыл да жалғасын тауып, ақпан айының 5 жұлдызынан бастап Шымкент қаласының тұрғындарына қаржылық сауаттылықты арттыру бойынша оқу ұйымдастырылуда. Қазіргі таңда жоба аясында 65 мыңнан астам азамат арнайы дәрістен өтті. Оларды арнайы іріктеуден өткен 5 қаржы сарапшысы оқытуда. Олардың негізгі мақсаты — қарапайым халыққа отбасы бюджетін жоспарлауды, несиелердің тиімді шарттарын үйрету. Бүгінде 2 мыңға жуық тұрғын бұл жоба бойынша оқып, арнайы сертификаттар иеленді. Оқыту курсы жыл соңына дейін жалғасады. Яғни кез келген қала тұрғынының «Қарызсыз қоғам» жобасы бойынша тегін оқу курсынан өтуге мүмкіндігі бар. Оқу ұзақтығы — 5 күн. Айта кету керек, үшінші мегаполис бойынша жыл соңына дейін 11 мыңға жуық азаматты оқудан өткізіп, қаржылық сауаттылығын арттыру жоспарлануда.