«ТҰРҒЫНДАР ТАРАПЫНАН КӨТЕРІЛГЕН МӘСЕЛЕЛЕР ШЕШІМІН ТАБУЫ ТИІС»

Әлемдік өркениеттің көшіне ілесіп, бәсі биік бәсекеде барын салып жатқан Қазақстан алдына ауқымды міндеттерді қойып отыр. Қоғамның сан түрлі саласын қатар дамыту үшін түрлі мемлекеттік бағдарламалар жұмыс істеп келеді. Сәйкесінше, қазіргідей жауапты кезеңде жергілікті атқарушы билікке артылар жүк ауыр. Әйтсе де істің үдесінен шығып, тындырымды тірлігімен ауданның шаруасын шалқытып отырған өңір басшылары бар. Халықпен етене жұмыс істеп, талап-тілегі мен мәселесін бей-жай қалдырмайтын мұндай әкімдер күнгейде саусақпен санарлық. Осы орайда, өнеркәсіп саласын өркендетіп, ауыл шаруашылығының дамуына айрықша жағдай жасап отырған аудан турасында тарқата жазбақпыз…

Жарғақ құлағы жастыққа тимей, бірде ауданның арғы басында, бірде бергі шетінде жүретін іскер әкімдердің қатарында Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев бар. Бұлай деуіміздің өзіндік себебі жоқ емес. «Тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер шешімін табуы тиіс» дегенді жиі айтатын аудан басшысы бөлім басшыларымен бірге аймақта ашылған, енді ғана іргетасы қаланып жатқан кәсіпкерлік нысандардың құрылысынан бастап жұмысына дейін жіті бақылап, тиісті тапсырмаларды беріп келе жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлік саланы дамыту үшін инвесторларға жайлы жағдай жасау керегін жиі айтады. Бұл тұрғыдан келгенде, Ордабасының ауыз толтырып айтар жетістіктері жетерлік. Өңірде сүт кластері қарқынды дамыған. Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың ауқымы кең. Ұзықұлақтан естуімізше, аудан әкімінің қарамағындағы қызметкерлерге қояр талабы қатаң. Жұмысты сылбыр істеп, есепті дәлел мен дәйексіз беретін басшыларды сынап, әр мәселенің артында халық тұрғанын ескерткеніне бір емес бірнеше рет куә болдық.
Қош делік, осы тұста ауданның көрсеткіштерін саралайық. Өткен жылы ауданның өнеркәсіп саласындағы өнімінің көлемі 33,2 млрд теңгені құрап, 6,5 пайызға артқан. Құны 6,5 млрд теңгені құрайтын 5 жоба, 230 жұмыс орнымен жүзеге асқан. Биылғы жоспар одан да ауқымды. Яғни өнеркәсіп өнімінің көлемін 37,5 млрд теңгеге жеткізу жоспарланып отыр. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінің өнім көлемін 32,6 млрд теңгеге жеткізу межесі тұр. Бұдан бөлек, биыл инвестициялық құны 37,7 млрд теңгені құрайтын 12 жоба жүзеге асып, 1200-ден астам жұмыс орны құрылмақ.
Ордабасы ауданы турасында жазарымызда, әуелгіден болып ойымызға ауыл шаруашылығы оралады. Көрсеткіштерге келсек, өткен жылы бұл өңірде ауыл шаруашылығы саласында 75,7 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Осылайша нақты көлем индексі 101,4 пайызды құрады. Егіс көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 2 003 гектарға артып, 71 556 гектарға жетті. «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасы бойынша 408 гектарға 141 жоба жүзеге асырылып, 16 403 тонна көкөніс, бақша өнімдері жиналды. Сондай-ақ 6 634 гектар жерге мақта дақылы егіліп, 21 900 тонна өнім жиналып, орта түсімі гектарына 33 центнерді құрады. 2023 жылы 1 031 гектарға су үнемдеу технологиясы ендірілді. Ауданда 109 га жерге жылыжай орналасты. Оның 21 гектары — өндірістік, 84,9 гектары — фермерлік жылыжайлар. 41 жылыжай көмір отынымен жылытылады. 2023 жылға 6 980 тонна көмір алынып, толық қамтамасыз етілді. Бір сөзбен айтқанда, агросаланы қолдау шараларының арқасында өңірдегі шаруалар мол өнім алған. Ал биылғы жоспарға келсек, агроөнеркәсіп кешені саласы бойынша ауыл шаруашылығы жалпы өнім көлемін 83 млрд теңгеге дейін арттыру жоспары бар. Сонымен қатар игерілетін егістік жер көлемін 71,6 мың га жеткізу, өнімділікті арттыру мақсатында су үнемдеу технологияларын қосымша 1 400 га ұлғайту, терең қопсыту әдісін 10 мың га ендіру көзделген. Одан бөлек 21 га жылыжай алаңдарын салу, сыйымдылығы 50 мың бастық бөдене ұстау обьектісін ашу сынды ауқымды міндеттер тұр.
Бұл межені бағындыруда «Ауыл аманаты» жобасының алар орны айрықша. Соңғы деректерге сүйенсек, жобаның ІІІ кезеңін аудандағы Қажымұқан, Шұбарсу, Төрткүл және Бөген ауылдық округтерінде жүзеге асыру жоспарланып отыр. Жоба аталған ауылдық округтерде ауылшаруашылық өндірістік коперативтерін құру арқылы жүзеге асырылмақ. Яғни көкөніс, құс, балық, мал шаруашылықтарын дамыту көзделген. Осы орайда, жобаға 410 адам қатысып, 420-дан астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Қош делік, мұның барлығын тектен-текке жазып отырғанымыз жоқ. Бүгінде мұндай игі істердің басы-қасында Азат Әбдіғалиұлы басшығындағы әкімдік қызметкерлерінің жүргені анық. Ал сапалы кадр таңдап, саланы дамытуға ықпал етуге көшбасшылық қабілет қана емес, көрегендік те қажет. Ең бастысы, әкімнің халықты кабинетте отырып қамшы үйіретін басшы емес, керісінше, әлеуметтің мәселесін шешіп, түйткілін тарқататын Президенттің һәм облыс әкімінің жергілікті жердегі сенімді өкілі екенін жіті түсінуі керек. Ал бұл қасиеттер қазіргі әкімнің бойынан табылары айқын.

Ж.БАЛАУСА.