СУ ТАСҚЫНЫНАН 8 МЫҢНАН АСА МАЛ ҚЫРЫЛҒАН

өлексені жою жұмыстары жүріп жатыр ма?

Еліміздің басым бөлігі тасқын сумен әлі де алысып жатыр. Қауіптің беті қайта қойған жоқ. Қала берді, қызыл су сабасына түскеннен кейін де ауқымды мәселелермен күрес қарқынды жалғасуы керек. Өйткені бірқатар өңірлерде жұқпалы ауру жұқтырған малдың көмілген жерін су шайып, бетін ашып кеткен. Қала берді, топан суға тұншығып өлген түліктерден түрлі ауру тарауы бек мүмкін. Жалпы күні бүгінге дейін қанша мал қырылды? Өлексені жою жұмыстары қалай жүруде? Осыған тоқталайық…

Ресми дерекке сүйенсек, су тасқыны кезінде еліміз аумағында 88 мың мал қауіпсіз аумаққа шығарылған. Бұл деректі Ауыл шаруашылығы министрлігі ұсынып отыр. Ал жедел деректер бойынша өлген мал саны – 8,1 мың. Оның ішінде ұсақ мал – 6 мың, ірі қара – 1,5 мың, жылқы – 514. Республикалық эпизоотияға қарсы отряд мал өлекселерін жою жұмыстарын қазіргі таңда белсенді түрде жүргізіп жатыр. Нәтижесінде 4,1 мың өлексе жойылған. Премьер-министрдің тапсырмасы бойынша бұл жұмыс күшейтілген режимде жалғаса береді.
Су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны салдарын жою жөніндегі республикалық штаб өлген мал иелеріне өтемақы төлеу алгоритмін бекіткен. Мал иелерін анықтау, келген шығынды есептеу және басқа да мәселелерді шешу үшін өңірлерде жергілікті атқарушы органдар шығынды анықтау жөніндегі комиссияларды құрды. Мал иелері тиісті мәліметтерді көрсете отырып, жергілікті комиссияға өтініш беруі керек. Қырылған мал басына меншік құқығы комиссиялардың актілерімен расталады. Бұл істі Ауыл шаруашылығы министрлігі қатаң бақылап отыр.
Қош делік, қарғын сумен күрес шаралары қарқынды жүріп жатыр. Оған айтар дауымыз жоқ. Әйткенмен ауқымды мәселе су деңгейі түсіп, астындағы өлекселердің бетіне шығуымен туындауы бек мүмкін. Қауіптің алдын алмаса, түрлі жұқпалы аурулардың тарайтыны анық. Әзірге жауапты министрлік мәселенің майшаммен қаралғанына, жұмыстың атқарылып жатқанына сендіруге тырысып бағуда. Әйткенмен анығын уақыттың еншісіне қалдырайық. Баспанасын су шайып, малы қырылған әлеуметті енді тарайтын түрлі ауру сарсаңға салмаса игі…

«Уақыт».