ДЕМАЛЫС ЛАГЕРЛЕРІ ДАЙЫНДЫҚ ЖҰМЫСТАРЫН БАСТАДЫ

Түркістан облысында балалар мен жасөспірімдердің жаз мезгіліндегі бос уақытын тиімді өткізу мақсатында ұйымдастыру жұмыстары қолға алынған. Биылғы оқу жылында өңірде 20 жазғы сауықтыру лагері мен 8 этно және шатырлы лагерь қызмет көрсетеді деп жоспарлануда. Осыған орай, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев Төлеби ауданында орналасқан лагерлерді аралап, дайындық жұмыстарын тексерді.

Атап айтсақ, облыстық денешынықтыру және спорт басқармасына қарасты «Бәйшешек», облыстық білім басқармасына қарасты «Жас туристер станциясында» және «Жаңғақ алқабы», «Тау гүлі», «Көк төбе» жекеменшік лагерлерінде болды. Аралау барысында «Білім ошақтарында жыл бойы сабақ оқыған балаларымыз жаз айларында лагерлерге демалуға барып жатады. Олардың бос уақытын тиімді өткізгені біз үшін аса маңызды. Сондықтан біз биыл әрбір балаға 60 мың теңгеден бөліп отырмыз. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу процесі жүруде. Өткен жылы 30 мың теңге болған. Оның үстіне қала сыртындағы лагерлерде 60 мыңнан аса, ал мектеп жанындағы лагерлерде 106 мыңға жуық бала сауықтырылады деп күтілуде. Енді дайындық жұмыстарын күшейту керек. Сегіз ауысым болады деп жоспарлап отырмыз. «Тау гүлі» мен «Жаңғақ алқабы» лагерінде жөндеу жұмыстары басталып кеткен. Екеуі де ауысымына 250-300 бала қабылдауға әзір. Ал қалғандарыңыз дайындық жұмысын қолға алмағансыздар» деген облыс әкімінің орынбасары шұғыл түрде жөндеу жұмыстарына кірісуді тапсырды.
Жұмыс сапары Төлеби ауданында құрылысы жүріп жатқан «Жайлы мектепте» жалғасты. Қосағаш елді мекенінде 2023 жылы басталған 300 орындық мектеп биыл жыл соңында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Жалпы жер аумағы – 2,5 га. Мердігері – «Дос и К» сервис компаниясы. Бейсенбай Дәулетұлы құрылыс сапасын бақылап, жалпы жұмыстармен танысты. Айта кетейік, өткен жылы 17 жазғы сауықтыру лагері қызмет көрсетті. Оның алтауы — мемлекеттік, он бірі – жекеменшік. Жоспар бойынша қала сыртындағы лагерлерге 28 мыңнан аса бала, ал мектеп жанындағы лагерлерге 153 мың бала сауықтырылды. Әлеуметтік жағдайына байланысты бюджет есебінен тегін, ата-аналар есебінен ақылы демалса, 3400-дей бала «Қазақстан халқына» қоры есебінен жіберілген.