ЕҢБЕК ҚАУІПСІЗДІГІ МӘСЕЛЕСІ БАСТЫ БАҚЫЛАУДА

Еңбек саласындағы қауіпсіздік мәселесінің маңызы зор. Сәйкесінше, құрылыс саласындағы еңбеккерлердің қауіпсіздік мәселесі қашан да бақылауда. Осы орайда, жуырда Шымкент қаласы мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бауыржан Қалжанов Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында баспасөз брифингін өткізіп, бірқатар маңызды сауалдарға жауап берді.

Басқарма басшысының айтуынша, елімізде 2005 жылдан бастап «Қызметкерді еңбек міндеттерін атқару кезінде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы» Заң іске асырылуда. Шартты жасасудан жалтару 10-1000 АЕК аралығында айыппұлға әкеп соғады. Мемлекет басшысының 2020 жылғы 22 қазандағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде жұмыскерлер еңбегінің қауіпсіздігін және қорғалуын бақылауды қамтамасыз етуге бағытталған «Халықтық бақылау» жобасын ірі кәсіпорындарда енгізу туралы тапсырмасы берілген. Бүгінгі күнге қаламыздың 18 кәсіпорыны жобаны енгізді. Сондай-ақ 2019 жылы 17 маусымда Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығы және Қазақстанның атқарушы органдары арасында «Vision Zero — Нөлдік жарақат» тұжырымдамасын ілгерілету бойынша өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандум жасалған. Атқарылған шаралар нәтижесінде тұжырымдамаға қаламыздағы 71 кәсіпорын қосылды.
Брифинг барысында «Қаламыздағы кәсіпорындар мен мекемелерде тұрақты түрде қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету мақсатында мониторинг жүргізіліп отырады. Жүргізілген мониторинг қорытындысы бойынша бүгінгі күнге қаламыздағы 1 452 кәсіпорында еңбек қауіпсіздігі бойынша өндірістік кеңестер жұмыс жүргізіп жатқан болса, 2 121 жұмыс орындарына зиянды және қауіпті еңбек қауіпсіздігі бойынша аттестациялау жүргізілді. Сондай-ақ қаламыздағы 144 кәсіпорында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша халықаралық және ұлттық стандарттар енгізілген. Өңіріміздегі 5 кәсіпорынның қызметі декларацияланып, «Сенім сертификаты» тапсырылды» деді басқарма басшысы Бауыржан Қалжанов.
2023 жылы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша басқарма тарапынан 8 түрлі бейнеролик БАҚ-та жарияланды, 2 500-ден аса ақпараттық буклеттер таратылып, орталық көшелердегі биллбордтарда қажетті ақпараттар орналастырылған. Еңбек заңмасының сақталуы және өндірістік жарақаттану жағдайы туралы 6 брифинг өткізіліп, БАҚ-та 8 рет сұхбат берілген. Әлеуметтік желідегі ресми парақшаларға арнайы 187 ақпараттық насихаттық материалдар орналастырылып, 370-тен аса сұрақтарға жауап берілсе, еңбек ұжымдарында, тәуекелдігі жоғары нысандарда еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша 84 рет семинар-түсіндірме жұмыстары жүргізілген.