ҚАҢТАРДА ЖҰМЫС ІЗДЕГЕН ЖАНДАРДЫҢ ҚАТАРЫ КҮРТ АРТҚАН

Елімізде қаңтар айында Электрондық еңбек биржасында жұмыс берушілер 97,3 мың бос жұмыс орнын, ал жұмыс іздеушілер 191,1 мың түйіндеме орналастырды. Өткен жылдың желтоқсан айымен салыстырғанда бос орындар саны 22,3 мыңға азайса, ал түйіндеме саны 132 мың бірлікке өсіп отыр. Осылайша, қаңтар айында жұмыс берушілердің сұранысы жұмыс іздеушілердің еңбек биржасындағы ұсыныстарының жартысына тең болды. Мамандар мұны жыл басындағы рекрутингтік процестердің төмендеуімен түсіндіреді.

Қаңтар айында түйіндемелер санының өсуі барлық өңірлерде байқалды. Ал ең аз өсім Астана қаласында тіркелген. Еңбек нарығындағы ұсыныстың өсуінің ең жоғары көрсеткіштерін оңтүстік өңірлер, атап айтқанда, Қызылорда облысы, Шымкент қаласы және Түркістан облысы көрсетті. «Өз кезегінде қаңтар айында орналастырылған бос орындар саны алдыңғы аймен салыстырғанда едәуір төмендегені де оңтүстік өңірлерде байқалады. Мәселен, жұмыс берушілердің бос жұмыс орнын ұсыну фактілері Қызылордада 61 пайызға және Түркістанда 48 пайызға және Алматы қаласында 47 пайызға азайған» деп хабарлады «ЕРДО» АҚ Стратегия және үлкен деректерді талдау департаментінің басқарма басшысы Камилла Манакова.
Қаңтар айында жоғары білікті мамандарға сұраныстың ең жоғары өсуі байқалды. Жұмыс берушілер тарапынан орташа білікті мамандарға деген сұраныс өткен жылдың желтоқсан айындағы деңгейден 4 пайызға төмендеді. Бір мезгілде қаңтар айында біліктілігі жоқ персоналға сұраныстың айтарлықтай төмендеуі байқалады. Яғни сұраныс 58 пайызға азайған. Өткен айда орналастырылған түйіндемелерге келетін болсақ, олардың санының айтарлықтай өсуі біліктілігі жоқ жұмыс іздеушілер тарапынан болған белсенділіктің нәтижесінде болды. Олардың саны өткен аймен салыстырғанда 549 пайызға артқан. «Қаңтар айында ең көп бос жұмыс орындары «білім және тәрбие», «медицина және фармацевтика» салаларында орналастырылды.
Өз кезегінде, Электронды еңбек биржасында жұмыс іздеушілер арасында «білім және тәрбие» мен «ТКШ және абаттандыру» кәсіптік салаларының қызметкерлері тарапынан белсенділік байқалды» деп бөлісті Камилла Манакова. Айта кету керек, жұмыс берушілер ең көп жалақыны өндірістегі база бастықтарына, жобалаушы инженерлерге және бас құрылысшыларға ұсынды.