ЕЛІМІЗДЕ СТУДЕНТТЕРДІҢ 18 ПАЙЫЗЫ ҒАНА ЖАТАҚХАНАМЕН ҚАМТЫЛҒАН
Жыл сайын жаңа оқу жылы басталар тұста жатақхана мәселесінің көтерілетіні белгілі. Аталған түйткіл мемлекеттік грантта оқитын студенттерді былай қойғанда, ақылы негізде білім алып жатқан жастардың қалтасына ауқымды салмақ салуда. Сондықтан басында баспанасы жоқтар оқудан тыс уақытта даяшы мен күзетші болып күнелтіп жүр. Қош делік, жауапты министрлік тарапынан бұл мәселені шешу бойынша қандай бастамалар көтеріліп жатыр? Қанша студентті жатақханамен қамтып отырмыз? Тарқатайық…
Ғылым және жоғары білім министрлігі таратқан дерекке сүйенсек, бүгінде еліміздегі жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берумен айналысатын 104 ұйымның базасында 411 жатақхана бар. Олардың сыйымдылығы — 108 091 төсек орын. Оның ішінде 79-ы — хостел. Олар 5 031 орынға арналған. Осылайша 108 мың студент оқу орындарының меншікті жатақханасында, жалға алынған жатақханалар мен хостелдерде, қонақүйлерде тұрып жатыр. Ал ұлттық статистика бюро мәліметіне сүйенсек, 2023-2024 оқу жылында жоғары оқу орындарындағы студенттердің саны 592,7 мың адам болған. Енді қарапайым математикалық есептеуге жүгінсек, еліміздегі студенттердің шамамен 18 пайызы ғана жатақханамен қамтылған болып отыр.
Қош делік, осы тұста студенттердің арзан пәтер іздеп, хостел жағалайтыны белгілі. Ал мұндай баспаналарда қауіпсіздік мәселесін сөз етудің өзі артық. Өткен жылы Алматыда өртке оранған хостелді көпшілік ұмыта қойған жоқ. Осындайда білім алу үшін алып қалаға жол тартып, жатын орын таппай жүрген жастардың жағдайына кім жауапты деген заңды сауал туындайды. Бір ғана нәрсе айқын, жатақхана мәселесі — кеше мен бүгіннің емес, жылдар бойы қордаланып қалған онжылдықтардың мәселесі. Ең өкініштісі, түйткілді тарқатуға, мәселені шешуге бүгін кіріскенімізбен, түбегейлі түйінін ағытуға жылдар қажет. Оған дейін әлі талай жас баспана үшін басын бәйгеге тігуге мәжбүр сыңайлы…
Ж.БАЛАУСА.