ШЫМКЕНТТЕ БАУЫР МЕН БҮЙРЕК АЛМАСТЫРУ ОТАСЫ СӘТТІ ЖАСАЛДЫ
Елімізде медицина саласын дамыту бойынша қыруар іс атқарылып келеді. Оның ішінде Шымкент қаласында жүзеге асқан жұмыс аз емес. Атап айтсақ, соңғы бірнеше жыл ішінде қаладағы бірқатар медициналық нысандар күрделі жөндеуден өтті. Материалдық-техникалық база да нығая түсті. Өңіріміздің ақ халаттылары шетелдерде тәжірибе алмасып, біліктілігін арттырды. Енді міне нәтижесін көріп отырмыз. Тарқатайық…
Шымкенттегі №1 клиникалық ауруханасының дәрігерлері бауыр, бүйрек алмастыру оталарын сәтті жасап шықты. Алдымен мамандар сырқаты ісік-асцит синдромынан басталған ауыр жағдайдағы науқасқа ұлының бауырының бөлігін хирургиялық жолмен салып берді. Сондай-ақ аталған аурухана базасында бүйрек трансплатациясы да жасалды. Білікті дәрігерлер тобы 2003 жылы туылған науқасқа туған ағасының бүйрегін орнатып берді. Қазір рецепиенттердің де донорлардың да жағдайы жақсы. Трансплантация – ауыр сырқаттарға шалдыққан науқастардың өмірін ұзартудың жалғыз жолы. Технологиялық күрделі оталар азаматтарға міндетті әлеуметтік сақтандыру аясында тегін жасалады.
Айта кету керек, мұндай ауыр оталар Шымкентте бұған дейін де сәтті жасалған болатын. Дертіне шипа іздеп, ақ халаттыларға жүгінген азаматтардың алды ауруынан құлан таза айығып, қалыпты өміріне қайта түскен.