ШАҺАР БАСШЫСЫ АТҚАРЫЛЫП ЖАТҚАН ЖҰМЫСТАРДЫҢ ЖАЙ-ЖАПСАРЫН ТЕКСЕРДІ

Жуырда Алматы қаласында болған зілзаланың қоғамды дүрліктіргені белгілі. Мұның өзі құрылыс саласындағы талаптарды тағы бір түгендеуге сеп болды. Бұл ғана емес, өзге өңірлерде де сейсмологиялық станциялардың жұмысын жетілдіру қажет екенін көрсетті. Сәйкесінше, қолға алынып жатқан жұмыстар жоқ емес. Мәселен, жуырда Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков «Шымкент» сейсмологиялық станциясына табан тіреп, орталықтың жұмысын тексерді.

Станцияда сейсмикалық деректерді жинау, талдау, өңдеу, қашықтықты, жер сілкінісі ошақтарының классын, магнитудасын және бағытын анықтау жұмыстары жүргізіледі. Мұнда 3 жұмысшы қызмет атқарады. 1927 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан бекеттің ғимараты бүгінде әбден тозығы жеткен. Аталған станцияның жай-күйімен танысқан қала басшысы жауаптыларға жаңа ғимарат салуға тапсырма берді.
Сонымен қатар аралау кезінде қала әкімі Сауда логистикалық орталықтағы көпфункционалды қойма кешенінің құрылыс жұмыстарын бақылады. Жаңа көкөніс қойма кешені 6 гектар аумақта салынуда. Жеке инвестор есебінен қаржыландырылған инвестициялық жобаның жалпы құны – 10 239 млн теңге. Аталған жобаны биыл іске қосу жоспарлануда. Нәтижесінде 107 адам жұмыспен қамтылады. Қазіргі уақытта жобаның 1-кезеңінің құрылыс-монтаж жұмыстары 80 пайызға орындалды. «НМИ-ЮГ» ЖШС компаниясы аталған қоймада «Cross» жүйесін пайдалануды көздеп отыр. Құрылыс жұмыстарын бақылаған қала басшысы кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыру мақсатында мемлекеттік қолдау жалғасатынын жеткізді.