ЖОЛ ҚҰРЫЛЫСЫНЫҢ САПАСЫ ҚАТАҢ БАҚЫЛАУДА
Шымкент қаласында жол құрылысы саласы қатаң бақылауда. Күні бүгінде қала аумағында жол құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Осы орайда, жуырда Шымкент қаласы әкімдігінің Ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен баспасөз брифингі барысында Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Ибрагимов пен ҚР Көлік министрлігіне қарасты Жол активтері сапасының ұлттық орталығының Шымкент қалалық филиалы директоры Мұхтар Дүйсембеков салада жүзеге асып жатқан жұмыстар жайын тарқата баяндады.
Баспасөз мәжілісі барысында айтылғандай, ҚР Көлік министрлігінің «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» мемлекеттік кәсіпорнының Шымкент қалалық филиалы қала аумағында жүргізіліп жатқан жол құрылыстарының сапасын жіті бақылап отыр. Бұл туралы аталған мекеменің директоры Мұхтар Манасұлы Дүйсембеков айтты. Жалпы 2023 жылы орталықтың Шымкент қалалық филиалы жол саласындағы қайта құру, жөндеу және құрылыс объектілеріне 650 рет шығып, 1110 жол-құрылыс материалдарынан сынама алған. Нәтижесінде 600-ден астам сынама талапқа сай болмай шықты. Сол 600-ден астам сынамаға сәйкестендіру жұмыстары атқарылды. Бүгінгі таңда ол ақаулар жөнінде мердігерге, техникалық қадағалау мекемелеріне хаттармалар толтырылды. Нәтижесінде 11 техникалық қадағалаушыға айыппұл салынған.
Жалпы 2023 жылы Шымкент қаласында 241 көше орташа жөндеуден өтті. Оның ішінде 15-і — көлік ағыны жоғары магистралды көшелер. Бұл туралы «2023 жылдың қорытындысымен атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қала аумағындағы жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы қала көшелерінің үлесі 71,2 пайызға жетті» деді Шымкент қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Ибрагимов. Жол инфрақұрылымын дамыту саласына келсек, Шымкент қаласындағы автомобиль жолдарының ұзындығы 3247,6 шақырымды құрайды. Оның ішінде, асфальтбетонды — 2 312,3 шақырым, шағал тасты –831,4 шақырым, топырақты жол –103,9 шақырым болып отыр.
Бұдан бөлек, 2023 жылы 63,9 шақырымды құрайтын 22 нысанға құрылыс жұмыстары жүргізілген. Жыл соңына қарай ұзындығы 10,7 шақырымды құрайтын 8 нысанның құрылыс жұмыстары аяқталған. Қалған 53,2 шақырымды құрайтын 14 нысан 2024 жылға өтпелі. Басқарма тарапынан жалпы ұзындығы 233,8 шақырымды құрайтын 255 нысанға орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жыл соңында 222 шақырым болатын 246 нысанның жөндеу жұмыстары аяқталған. Ал қалған 11,8 шақырымды құрайтын 9 нысан 2024 жылға өтпелі. Сонымен қатар 2023 жылы 1 нысанға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілді.
Шымкент қаласының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы және Жол активтері сапасы орталығының Шымкент қаласы бойынша филиалы тарапынан түзілген хаттамалық шешіміге сәйкес, қаланың ішкі орам көшелеріндегі нығыздалу коэфиценті 0,97%, 0,98% тең асфальтобетон қабаттары төселген нысандардың кепілдік мерзімі 3 жылдан 4 жылға ұзартылды. Сонымен қатар тығыздығы 0,97%, 0,98% көрсеткіштен төмен нысандар бойынша мердігер мекеме тарапынан қайта тығыздау жұмыстары атқарылып, жекеменшік лабараторияда сынама жұмыстары жүргізіліп, техникалық қадағалау қызметімен «Жою актісі» жасалып отыр. «Жою актісі» және зертханалық сынаманың қортындылары «KaзДорЛаб» жүйесіне енгізіледі. Айта кетейік, «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» тарапынан төселген асфальт қабатының тығыздығы мен сапасы тексеріледі. Арнайы құрылғылармен жабдықталған зертхананы қолданып, орталық мамандары құрылыс жұмыстары жүріп жатқан нысанда қолданыстағы материалдардың сынамасының талапқа сай болуын бақылайды.
Бұған дейін тиісті сала басқармасының ескертуімен, жалпы аумағы 504 шаршы метрді құрайтын асфальтобетон қабатын төсеу және жалпы ұзындығы 600 метрді құрайтын аяқжол салу жұмыстары сапасыз орындалғандықтан бұзылып, қайта салынған болатын. 2023 жылдың қорытындысымен Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан мердігер және техникалық қадағалаушы мекемелеріне шара көру туралы «Шымкент қаласы орта сапаны бақылау басқармасына» 28 хат жолданған. Сондай-ақ мекемелердің келісімшарт талаптарының орындалмауы бойынша 22 мекемеге 3141,4 мың теңге айыппұл салынған. Яғни мердігер мекемелерге 2310,6 мың теңге, техникалық қадағалаушыларға 731,8 мың теңге, жобалаушы мекемелерге 99 мың теңге айыппұл салынып, олар толығымен өтелген.