ШЫМКЕНТТЕ КҮРДЕЛІ НЕЙРОХИРУРГИЯЛЫҚ ОТАЛАР СӘТТІ ЖАСАЛЫП КЕЛЕДІ

Дүниені дүрліктірген індет адамзатқа өмірдің, әсіресе денсаулықтың қадірін, сонымен бір мезгілде адам өмірін, денсаулығын сақтайтын медицина ғылымы мен саласын дамытудың аса маңыздылығын ұқтырды. Сондықтан еліміздің барлық өңірінде аталған саланы дамыту бойынша қыруар іс атқарылып жатыр. Оның ішінде Шымкент қаласында көптеген денсаулық сақтау мекемелерінің ғимараттары күрделі жөндеуден өтті.

Материалдық-техникалық база да заман талабына сай жаңарып, жаңғырып келеді. Нәтиже бар. Бүгінде ауыр оталарды жасату үшін шетел асатын жергілікті тұрғындар дертіне қаладағы медициналық орталықтардан шипа тауып жатыр. Осы орайда, бүгінгі материалымызда үшінші мегаполистегі медицина саласының мүмкіндіктері турасында тарқата баяндамақпыз…
Қазіргі уақытта Шымкенттегі заманауи талаптарға сай жабдықталған №2 ауруханада бірегей оталарды жасауға барлық мүмкіндік қарастырылған. Мұнда күрделі операциялар ангиограф құрылғысымен жасалады. Арнайы іс шаралар нәтижесінде жергілікті мамандар тың әдістерді де меңгеруде. Ауруханада қала бойынша нейрохирургия қызметінің жетекшісі, PhD докторы Еркін Метедовтың жүргізуімен күрделі нейрохирургиялық оталар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, бас-ми ісігі, бас-ми тамырларының аневризмасы, эпилепсия, паркинсон диагноздары қойылған науқастарға эндоваскулярлы ем-шаралармен қатар, ашық нейрохирургия операциялары істеледі. Тәжірибелі дәрігер-нейрохирургке еліміздің өзге өңірлерінен, тіпті Тәжікстан мен Өзбекстаннан науқастар келіп, ем қабылдап жатыр.
Алтын қолды хирург арнайы шақыртумен шет елдерде күрделі оталарды жасау бойынша тәжірибесімен бөлісуде. Дәрігерлердің біліктілігі турасында аурухананың бас дәрігері Бақытжан Позилов былай деп атап өтті «Кешенді жоспарлар аясында медициналық туризмді дамытуда тиісті жұмыстарды атқарудамыз. Бұл ретте білікті мамандарымыз да, қажетті құрал жабдықтар да дайын. Қала тұрғындарына енді нейрохирургиялық операциялар үшін шет мемлекеттерге барудың қажеті жоқ. Е. Медетов, Н. Қарабаев бастаған халықаралық деңгейдегі мамандар тобы инсульт және басқа да ауруларды МӘМС жүйесінде жолдама арқылы тегін емдейді».