ӨЗБЕКСТАН ЕЛІМІЗГЕ 121,1 МЛН АҚШ ДОЛЛАРЫНЫҢ ЖЕМІС-ЖИДЕГІ МЕН КӨКӨНІСІН ЭКСПОРТТАҒАН
Жеміс-жидек пен көкөніс өсіру бойынша Өзбекстанның әлеуеті айрықша жоғары. Бүгінде ала шапанды ағайын аталған өнім түрлерімен көрші елдерді қамтып отыр. Мәселен, өткен жылы 1,1 млрд доллардың жеміс-жидегі мен көкөнісін экспорттады.
Өзбекстан статистика агенттігінің мәліметіне сай, былтыр бұл ел шетелдерге 1,7 млн тонна жеміс пен көкөніс жеткізген. Осылайша, 2022 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда экспорт көлемі 1,1 пайызға өсті. Экспорттың ең үлкен көлемі Ресейге жеткізілген. Нақтырағы, 437,4 млн АҚШ долларына пара-пар өнім жіберіпті. Бұдан бөлек, 197,6 млн АҚШ долларына Пәкістанға, 144,9 млн АҚШ долларына Қытайға, 121,1 млн АҚШ долларына Қазақстанға өнім жеткізген.
Осы тұста айта кетерлігі, 2022 жылы еліміз Өзбекстаннан 216 млн доллардың жемісі мен көкөнісін импорттаған еді. Ал жалпы Қазақстан мен Өзбекстанның сыртқы сауда айналымы 4 млрд АҚШ долларынан асып жығылады.
«Уақыт».