МӘЖІЛІСТЕ МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ
Жуырда Шымкент қаласы әкімінің аппараттық мәжілісі өтті. Онда бірқатар мәселелер қаралды. Нақтырағы, жиында Абай ауданының әкімі Бұхарбай Парманов аудандағы мәселелер мен 2024 жылдың соңына дейінгі даму жоспары жайында баяндады. Ал «Shymkent» ӘКК» АҚ басқарма төрағасы Данияр Ахметжанов 2024 жылға арналған тозығы жеткен тұрғын үйлерді реновациялау жобаларын жоспарлау және іске асыру мәселелерін жеткізді. Сондай-ақ Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Бахтияр Өнербаев атқарылып жатқан жұмыстарымен бөлісті.
Қалада Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 7 жылда апатты және тозығы жеткен 78 үйді жаңарту көзделген. Қалалық Тұрғын үй басқармасы 107 үйді реновациялауды ұсынған. Оның ішінде тұрғындар реновациядан бас тартқан және қосылғандарды санағанда 87 үйді жаңарту анықталып, зерделеу жұмыстары жасалды. Аталған 87 үйде 4 мыңға жуық адам тұрады, ал реновациядан кейін шамамен 20 мың адам қоныстануға мүмкіндік алады. Қазіргі таңда 6 үй бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Абай ауданы аумағында жалпы 27 елді мекенде 55 159 үй, 205 көпқабатты тұрғын үйде 257,7 мың халық орналасқан. Бүгінде ауыз сумен 100%-ға, электр жарығымен 96,3%-ға қамтылған. Ал көгілдір отынға 23 елді мекен қол жеткізіп, көрсеткіш 85,2%-ды құрап отыр. Өткен жылы ауданда 8 мәселе өзекті болып, оның екеуі қала басшысы Ғабит Сыздықбековтің бастамасымен шешімін тапты. Атап айтсақ, Қызылжар шағынауданындағы әуежайдың санитарлық қорғаныш аумағындағы 100 метрге кіретін тұрғын үйлерді мемлекет мұқтажына алу және Асар-2 шағынауданы Алмаз көшесінің тұрғын үйлері «қызыл» сызыққа енуі бойынша мәселе көтерілді. Бұл ретте халықтың өтініші ескеріліп, оңтайлы шешім шығарылды. Ал қалған 6 мәселені Бұхарбай Рысқұлұлы атап өтіп, биылғы жоспарға сәйкес шешу жолдарын қарастырды.
Мәжіліс барысында қала әкімі Ғабит Сыздықбеков күн тәртібінде қаралған мәселелердің өзектілігіне назар аударып, жан-жақты талқылады. Осы орайда қала басшысы «Мәселелерді бір-біріңізге сілтемей, барлығыңыз бірлесіп, халық игілігі үшін жұмыс істеңіздер!» деп сын-ескертпе жасады. Сонымен қатар, тиісті басшыларға қаланы таза ұстау, жауаптылар өз жұмысын реттеу, мегаполисті иесіз ит-мысықтардан тазалау, жолды қазып, қайта қалпына келтірмегендерге қатаң шара қолдану және жарнаманы біркелкі етуді тапсырып, орынбасарлары өз саласы бойынша мәселелерді назарда ұстау керек екенін жеткізді.