ЖАСТАР АРАСЫНДАҒЫ ҚҰҚЫҚБҰЗУШЫЛЫҚ ФАКТІЛЕРІ АЗАЙҒАН
Бүгінгі құқықтық мемлекет құрамыз деген заманда әрбір адам өз құқықтарын жете біліп, жалпы заң білімі саласынан мағлұмат алғаны дұрыс. Заңды аттамай, тура жолмен жүріп, еліне адал қызмет еткен азамат қана мұратына жетеді. Сондықтан заңды білу – заман талабы. Бүгінгі таңда қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі – балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын-алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу. Бұл мәселе қазіргі таңда көкейтесті мәселелердің біріне айналып отыр. Сондықтан Шымкент қаласында бұл бағытта қыруар іс атқарылып жатыр. Тарқатайық…
Шымкент қаласының аудан аумақтарында, ойынханаларда және қоғамдық орындарда жастар арасындағы құқықбұзушылық пен қылмысты болдырмау, нашақорлықтың алдын алу және түнгі мезгілде кәмелет жасына толмағандардың заңды өкілінсіз жүруін анықтау мақсатында рейдтік іс-шаралар тұрақты жүргізілуде. Абай ауданы аумағында жыл басынан бері «Жасөспірім», «Қауіпсіз қала» атты күндізгі және түнгі 83 рейдтік іс-шара өткізіліп, нәтижесінде 1095 хаттама толтырылған.
Ал 8 желтоқсан күні өткен кезекті рейдтік іс-шара барысында 11 хаттама толтырылып, 3 бала қалалық «Кәмәлетке толмағандарды бейімдеу орталығы» мекемесіне жеткізілді.
Бұл жұмыстар аудан әкімдігі және аудандық прокуратура, аудандық полиция басқармасымен бірлесе қолға алынып, аталған іс-шара аптасына 2 реттен ұйымдастырылып отыр. Сонымен қатар ауданда биылғы жыл басынан бері кәмелет жасына толмағандар арасындағы құқықбұзушылықты болдырмау және алдын алу мақсатында аудандық полиция бөлімі және жастар ресурстық орталығымен бірлесе 29 мектепте профилактикалық түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, жалпы 27 іс-шара ұйымдастырылды. Нәтиже де жоқ емес. 2023 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша Абай ауданында кәмелетке толмағандарға қатысты орын алған қылмыстар 23,8 пайызға немесе 21-ден 16-ға төмендеген.