ҚАЛА ӘКІМІНІҢ КЕЗЕКТІ ЖЕКЕ ҚАБЫЛДАУ КҮНІ ӨТТІ
Ұлттық құрылыстың қазіргі кезеңінде Қазақстан Республикасы қарқынды саяси өзгерістер кезеңін бастан кешіп жатыр. Саяси модернизацияның тұжырымдамалық фрейміне «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» моделі арқау болды. Бұл тұжырымдама үкімет пен қоғам арасындағы ашық әрі айқын байланыс арналарын құруды көздеп, шешімдерді әзірлеу және қабылдау процесінде азаматтардың дауысын естуге және ескеруге бағытталған. Осы орайда, Шымкент қаласында аталған бағытта қыруар іс атқарылып жатыр. Жыл сайын қала әкімі әрбір аудан тұрғындарымен есеп беру кездесуін өткізуде. Бұл ғана емес, жеке қабылдау ұйымдастырылып, маңызды мәселемен жүгінген тұрғындардың сауалдарына да жауаптар беріліп жатыр.
Мәселен, жуырда Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков әкімдік ғимаратында кезекті бірыңғай қабылдау өткізді. Қала басшысының тікелей қабылдауына алдын ала жазылу Шымкент қаласы әкімі аппаратының өтініштерді қарауды бақылау бөлімі арқылы жүргізілді. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес, бұқараның тыныс-тіршілігімен етене танысып, ашық байланыс орнату – мемлекет басшысының басты саясаты. Осы мақсатта қалада жеке қабылдау ай сайын өткізіліп келеді. Кезекті қабылдау барысында қала басшысы тұрғындардың мәселелерін мұқият тыңдап, егжей-тегжейлі жауап берді. Сондай-ақ азаматтар тарапынан көтерілген барлық мәселе заң аясында шешілетінін айтып, жауапты басшыларға нақты тапсырмалар жүктеді. Оған қоса, бұқараның өтініш-тілектері ескерусіз қалмайтынын жеткізді.
Бірқатар мәселе қабылдау барысында шешімін тапты. Осы орайда, қала әкімі өзекті мәселелерден бөлек, қаланы дамытуда өз жобаларын ұсынған азаматтардың бастамасына қолдау білдіріп, тиісті басқарма басшыларына тапсырма берді. Жеке қабылдау кезінде жер телімін пайдалану, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығына қатысты сұрақтар мен әлеуметтік мәселелер көп көтерілді. Жалпы 200-ге жуық азаматтың мәселесі тыңдалды. Сонымен қатар әкім орынбасарлары, аудан әкімдері, департамент пен басқарма басшылары да азаматтардың арыз-шағымдарын қарастырды. Тиісті басшылар мәселелердің тиімді шешу жолдарын түсіндіріп, тұрғындардың өтініштері бақылауда болатынын жеткізді.