СУ БАСУ ҚАУПІ БАР АУМАҚТАРҒА БАҚЫЛАУ ЖҮРГІЗІЛДІ

Жыл сайын қыз мезгілі аяқталар тұста су тасқыны қаупі әлеуметті әбігерге салады. Сондықтан ел Үкіметінің тапсырмасымен қазірден бастап аталған мәселенің алдын алу шаралары қолға алынуда. Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары бұл бағытта Шымкент қаласында қыруар іс атқарылды. Өзендер мен каналдардың арнасы тазаланды. Бірқатар су өткізу нысандарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мониторинг жұмыстары да назардан тыс қалған емес.

Мәселен, жуырда Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы генерал-майор Қуанар Базарбаевпен бірге қаланың су тасқыны қаупі бар жерлерге аэровизуалды мониторинг жүргізді. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі «Қазавиақұтқару» АҚ-ның ЕС-145 тікұшағымен ұшу барысында Бадам өзенінің бойында орналасқан Игілік, Қызылжар, Тәуелсіздікке 20 жыл елді мекендері, Текесу, Бадам, Тоғыс су қоймалары, жоғары Бадам су реттегіші және Сайрам-су өзенін барлау жұмыстары жүргізілді.
Аэровизуалды мониторинг кезінде 6 гидротехникалық құрылыс зерделенді. Сонымен қатар 2 өзеннің су ағысына шолу жасалды. Төтенше жағдайлар департаменті мамандарының сөзіне сүйенсек, алдағы уақытта су тасқынына қарсы жол картадағы 9 іс шара жүзеге асса, су басу аймақтарындағы қауіп сейіледі. Әуеден бақылау барысында жағдай тұрақты екені байқалды. Өзендердің ағысы қалыпты. Бадам өзенінде секундына 9 текше метр, ал Сайрам суда 1 текше метр су ағуда. Су қоймаларының толу деңгейі 13–45 пайызды құрайды. Тасқын суларды қабылдайтын қоры жеткілікті. Су тасқынын алдын алу барысы алдағы уақытта да үнемі бақылауда болады.