ҚАЛА ӘКІМІ СПОРТ МЕКЕМЕЛЕРІН АРАЛАДЫ
Үшінші мегаполисте спорт саласының дамуына айрықша көңіл бөлініп келе жатыр. Қала аумағындағы бірқатар спорттық нысандарға жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қала берді, қала әкімі Ғабит Сыздықбеков те мекемелерді аралап, спортшыларға жасалған жағдаймен жіті танысуда. Мәселен, жуырда шаһар басшысы олимпиада резервін дайындайтын балалар мен жасөспірімдерге арналған мемлекеттік спорт мектептерін аралады.
Ең алдымен қала әкімі «№15 жекпе-жек түрлерінен кешенді олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебімен» танысты. Мұнда олимпиадалық спорт түрлері бойынша еркін күрес, әйелдер күресі, құзға өрмелеу, грек-рим, дзюдо, таеквондо, каратэ, қабырғаға оқ атудан 531, ал олимпиадалық емес кикбоксинг, самбо спорт түрлерінен 202 спортшы шұғылданып жатыр. Топ саны – 88. 71 жаттықтырушы бар. Биыл дүбірлі додаларда 21 алтынға қол жеткізді. Аталған спорт мектебінің жай-күйін бақылаған қала басшысы жаңа ғимарат салуға және қасында орналасқан футбол алаңын мемлекет меншігіне алып, спорт мектебінің игілігіне айналдыруға тапсырма берді.
Қаладағы «№16 гимнастикадан олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің» жер көлемі 0,4241 гектарды құрайды. 505 спортшы шұғылдануда. Мекеме ғимаратында едендік жаттығуларға арналған гимнастикалық платформа, 4 батут, 2 акробатикалық жолақ, қонуға арналған көбік шұңқыры, әйелдер мен ерлер штангалары, сақиналары бар жақтау, атта тербелу жабдықтары, гимнастикалық бөренелер, спортшылардың жаттығу үдерісіне арналған тіреп секіру үстел спорт жабдықтары бар. Жабдықтар залдың көп бөлігін алатындықтан, қосымша зал қажеттілігі туындап отыр. Қала әкімі мәселенің шешілу жолдары қарастырылатынын жеткізді.
Ал «Ләззат Тәжиева атындағы № 4 олимпиадалық резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде» шахмат, дойбы, қазақ күресі, белбеу күресі, баскетбол, гандбол, жүзу, триатлон, байдарка және каноэ спорт түрлерінен саңлақтарды дайындайды. 1 493 спортшы, 92 жаттықтырушы бар. Биыл аталған мектептің спортшылары ескек есуден байрақты бәсекелерде топ жарды. Азия ойындарында 1 алтын, 3 күміс, 1 қола, Әлем чемпионатында 1 алтын, 1 күміс, ал Әлем кубогында 1 алтын медалды ел қоржынына салды. Спорт мектебінің жағдайын бақылаған қала басшысы жауаптыларға жүзу бассейнін заманауи үлгіде қалпына келтіруді жүктеді.