ШЫМКЕНТ: ҚАЛАДАҒЫ ҚҰРЫЛЫС САПАСЫ БАҚЫЛАУДА

Шымкент қаласының үлкен құрылыс алаңына айналғанына біраз болды. Бүгінде қалаға қарасты шағынаудандар мен тұрғын алабтарда көптеген тұрғын үйлер бой көтеріп жатыр. Сәйкесінше, олардың сапасы қатаң бақылауда. Өйткені қала әкімі Ғабит Сыздықбеков жауаптылармен бірге әрбір құрылысы жүріп жатқан аумаққа барып, мониторинг жұмыстарын жүргізуде. Тиісті сала басшыларына тапсырмалар беріп келе жатқанынан да хабарымыз бар.

Мәселен, жуырда қала әкімі жауаптылармен бірге Бозарық шағынауданындағы «Жарық» тұрғын үй кешенінің құрылысымен танысып, бірқатар өзекті мәселенің шешімін қарастырды. Бұл аумақта 5 қабатты 3 тұрғын үй салынған. Алайда жер телімінің құжаттарына байланысты инфрақұрылым жүйелері тартылмай отыр. Жол мәселесі де өзекті. Осындай түйткілді мәселелерді ескерген қала әкімі тиісті сала басшыларына бірқатар тапсырма берді. Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысына тұрғын үй кешенінің жер телімін заңдастыру жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ үйлерді табиғи газбен, ауыз су және кәріз жүйелерімен қамту бойынша Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысына нақты тапсырмалар жүктелді. Бұл аралықта Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының қызметкерлері шағал тас төсеу жұмыстарын ұйымдастыруға кіріседі.
Халыққа қолайлы жағдай жасау мақсатында берілген тапсырмаларды орындауға нақты мерзімдер бекітілді. Тұрғын үй кешенін жыл соңына дейін тиісті азаматтарға тапсыру жоспарлануда. Осы тұста айта кету керек, Шымкентте биыл бюджет есебінен 160 нысанның құрылысын жүргізу жоспарланған. Оның ішінде 98 тұрғын үй, 18 инженерлік инфрақұрылым, 43 әлеуметтік нысандар бар және жыл соңына дейін 3 072 пәтерлі 67 тұрғын үй қолданысқа беріледі. Бұдан бөлек, нарықтан қосымша 1 405 арендалық пәтер сатып алынады. Оның 900-і жұмыс істейтін жастарға, 505-і әлеуметтік осал топтағы азаматтарға беріледі. Қазіргі таңда жастарға 420, ал аз қамтылғандарға 363 пәтер алынды. Қалған 31 тұрғын үйдің құрылысы келесі жылға өтпелі. Жыл соңына дейін 18 инфрақұрылым нысанының 12-сі пайдалануға беріледі. Қалған 6 нысанның құрылысы келесі жылға өтпелі. Сонымен қатар осы жылы 3 450 орындық 7 мектептің құрылысын жүргізу жоспарланған. Қазіргі таңда 5 нысанның құрылысы аяқталып, ел иігілігіне берілді. Тағы 1 нысанның құрылысы жыл соңына дейін аяқталады.