МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ АЗАМАТТАРДЫҢ ТАЛАП-ТІЛЕГІ ТЫҢДАЛДЫ

Әрбір азамат – қоғамның ажырамас бөлшегі. Сәйкесінше, әрбір азаматтың қоғамда өзін еркін сезінуі үшін барлық жағдайлар жасалып келеді. Мәселен, Шымкентте мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі. Аталған қызметтердің цифрлық жүйеге енгенін де арнайы айта кету керек. Қазіргі таңда мұның игілігін көріп жатқандардың қарасы қалың. Бүгінгі материалымызда солардың бірі турасында тарқата жазуды жөн санап отырмыз.

Шымкент қаласының тұрғыны Фаранас Исмаилова 8 жылдан бері дертке шалдығып, мүгедектер арбасына таңылған. Қазіргі таңда қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты «№4 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында» емдік-оңалту шараларын қабылдауда. Мамандардың қызметі мен қабылдап жатқан еміне дән риза. Орталыққа арнайы келген ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау комитетінің Шымкент қаласы бойынша департамент басшысы Руслан Тұңғышбаев пен қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының бөлім басшысы Раушан Сейдакбардан тіпті қызмет алу күндерін көбейтуді өтінді.
Мүгедектігі бар азаматтар жеке оңалту парақшасына сәйкес, қажетті құралдармен қамтамасыз етіледі. Қызмет алушылар тарапынан осы мәселеге қатысты бірқатар сұрақтар туындады. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау комитетінің Шымкент қаласы бойынша департамент басшысы Руслан Тұңғышбаев алдағы уақытта оңалту парақшасындағы дәрігер нұсқаулықтарының орындалуын қатаң бақылауда ұстайтындығын баса айтты. Ерекше жандар сондай-ақ сала басшыларынан әлеуметтік портал арқылы алатын мүгедектерге арналған қоларба мәселесі мен сауығып, аяққа тұрулары үшін тренажерлық залды көбейту керектігін жеткізді.
70 орынға лайықталған «№ 4 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» 18 жастан асқан І-ІІ топтағы психоневрологиялық, тірек-қимыл аурулары бар азаматтарға жартылай стационарлық жағдайда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетеді. Ғимарат толығымен бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етілген. Емдік дене шынықтыру, массаж және емдік-физиотерапия мен емдік ванна кабинеттері, еңбек терапиясы, мәдени бөлімдер және психологиялық-сенсорлық кабинеттер қарастырылған.