ОБЫР АУРУЛАРЫНЫҢ АЛДЫН АЛУ БОЙЫНША БАСПАСӨЗ МӘСЛИХАТЫ ӨТТІ
Бүгінде қоғамда сан түрлі дерт кеңінен тарап барады. Мұның артында бірқатар өзекті мәселелердің жатқаны белгілі. Астарын ақтарсақ, кей жандар сақтанбай жатады. Енді бірі қауіпті ауру турасындағы ақпараттарды білмейді. Бәлкім, осыдан да болар, мерзімі өтіп, емдеуге келмейтін уақытта ауруханаға барып, ақ халаттылардан көмек сұрап жатады. Осы орайда, Шымкент қаласындағы медициналық мекемелер аурудың алдын алу бойынша бірқатар жиындар өткізіп, қажет ақпараттарды беріп келеді.
Мәселен, жуырда Шымкент қалалық онкологиялық орталығында ұйкы безі, тері, сүт безі, өкпе обырларының алдын алуға бағытталған баспасөз мәслихаты өтті. Орталық дәрігерлері мен салауатты өмір салтын қалыптастыруға жауапты мамандар обыр ауруларын емдеуде жаңа әдістерді және алдын алу жолдарын баяндады. Мақсат – ауруды бастапқы кезеңде анықтап, тез арада емдеу жұмыстарын атқару. Халықтың өмір сүру жасын ұзарту, салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған жиында обыр ауруларымен күрес шараларымен қатар тақырып аясындағы тұрғындардың көкейінде жүрген сұрақтарға жауап берілді.
Айта кетейік, орталықта профилактикалық мақсатта ұйымдастырылып жатқан кешенді шаралардың нәтижесінде қазір ауруды алдын алу, зардабын жоюда нәтижелі жұмыстар атқарылуда.