БАСТЫ МАҚСАТ – ШЫМКЕНТТІ ТУРИСТЕР ЖИІ КЕЛЕТІН ҚАЛАЛАР ҚАТАРЫНА ҚОСУ
Елімізде туризмді дамыту – мемлекеттік саясаттың басым бағыты. Туризмді дамыту арқылы Қазақстанның экономикалық жағдайын жақсартып, бірқатар әлеуметтік мәселелерді шешуге болатыны да белгілі. Қазақстанда туризмді дамыту үшін барлық қажетті мәдени, тарихи, географиялық және климаттық жағдайлар жеткілікті. Тәуелсіздік алған соң мәдени және тарихи құндылықтарды жаңартуға бағытталған бұл саланы дамытуға алғышарттар жасалды.
Жалпы ел Үкіметінің қойып отырған басты стратегиялық мақсаттардың бірі — елімізді Орта Азия аймағындағы туристік орталыққа айналдыру. Осы орайда, еліміздің бірқатар өңірлерінде түрлі бастамалар көтеріліп, жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, жуырда Шымкент қаласында «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығының ұйымдастыруымен «Shymkent Tourism Forum» атты жергілікті туризмді дамыту форумы өтті. Аталған маңызы зор шарада қаладағы туристік индустрияны дамыту мәселелері сөз болды. Сыртқы туристерді тарту шаралары талқыланды. Сонымен қатар үшінші мегаполисті шетелдік қонақтар жиі келетін қалалардың қатарына қосу бағыттары мен жоспарлары сараланды. Сала мамандары өз тәжірибесімен бөлісіп, ұсыныстарын жеткізді.
Жиында сөз алған «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығының басшысы Ерлан Омаров аталған саланы ілгерілетудің маңызы мен міндеттеріне айрықша тоқталып өтті. Нақтырағы өз сөзінде «Бүгінгі форум ел ішіндегі туристік қызметті талқылауға, жоспарлауға және жылжытуға бағытталған іс-шара болғандықтан, туризм саласында түрлі бағытта қызмет етіп жүрген мамандар спикер ретінде сөз сөйлеп, өз тәжірибелерімен бөлісіп жатыр. Ертең форум «Artisans of Shymkent» қолөнершілер көрмесімен жалғасады. Онда түрлі аймақтардың, ұлттар мен мәдениеттердің қолөнершілерінің басын қосып, өзара тәжірибе алмасуға, бұйымдарын көрсетуге, жаңа дағдыларды меңгеруге және қолөнер қауымдастығы арасындағы байланысты нығайтуға мүмкіндік зор. Мұндай іс-шаралар мәдени дәстүрлерді сақтап, қолөнер шеберлігін дамытуға және қолөнершілердің жаңа буындарын шабыттандыруға ықпал етеді. Форумда көрмемен қатар, панельдік сессияда сала мамандары өзінің іс-тәжірибесімен бөліспек. Сондай-ақ, кәсіпкерлер палатасы маманы қолөнершілерге өз кәсібін жүргізудің тиімді жолдары бойынша маңызды ақпараттар береді» деді спикер.
Іс-шара барысында форум аясында ұйымдастырылған байқаудың жеңімпаздары мен қатысушыларына арнайы сертификаттар мен алғыс хаттар табысталды. Еске сала кетейік, қазіргі таңда үшінші мегаполистің оң имиджін қалыптастыру мақсатында гастрономиялық бағытты қарқынды ілгерілету, қаланың танымалдылығын және қала туралы ақпараттар ағынын көбейту шаралары жүзеге асырылып келеді. Нәтиже де жоқ емес. Қалаға келетін қонақтардың саны артып келеді.