ЖАСТАР МЕРЕКЕ ҚАРСАҢЫНДА СЕНБІЛІК ӨТКІЗДІ
17 қараша – Студенттер күніне орай, Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасына қарасты Облыстық жастар ресурстық орталығы табиғат аясында бірқатар шара ұйымдастырды. Бөлім басшысы Ақтөре Мейіржанұлы шараның басы-қасында болып, студент жастарды мерекемен құттықтады.
Қазіргі таңда облыс көлемінде сенбілік жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Алдымен аудан, қалалық жастар ресурстық орталығының басшылары және орта арнаулы оқу орындарының студент көшбасшы жастарының қатысуымен «Туған өлкенің табиғатын таза ұстайық!» атты тақырыпта сенбілік өтті. Қоршаған ортаны таза ұстау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында өткен шараға 100-ге жуық жас қатысып, айналаны қоқыстан тазартты.
Сенбіліктен соң қызметкерлер, жастар ортасында берік достық қарым-қатынасты және өзара көмек көрсету принциптерін құру мақсатында «Қызықты көңіл, студенттік өмір!» атты тақырыпта тимбилдинг өтті. Қатысушылар екі топқа бөлініп, өзара сынға түсті. Шыдамдылығы мен алғырлығын, жылдамдығын сарапқа салатын ойындар ойнатылды. Барлығы 5 кезеңнен тұратын ойын жастар үшін қызықты әрі тартысты болды. Команда мүшелерінің бір-бірін қолдауы және түсіністік танытуы алға ұмтылуға себепші болды. Тимбилдинг — ұйымшыл ұжым қалыптастыруға, команданың әрбір мүшесі өз орнын табуға және қабілетті барынша дамытуға жағдай жасайтын қазіргі заманғы тәсілдердің бір түрі. Тимбилдингтің барлық түрі еркін, бейресми қарым-қатынас жасауды, командада жұмыс істеуді үйретеді және корпоративтік байланыстарды нығайтуға ықпал етеді.