ҚҰҚЫҚБҰЗУШЫЛЫҚПЕН КҮРЕСТЕ ТЫҢ ТӘСІЛ ҚОЛҒА АЛЫНУЫ МҮМКІН
Соңғы уақытта қоғамда көз көріп, құлақ естімеген қылмыс түрлері турасындағы ақпарат көбейді. Әлеуметтік желі мен ақпараттық порталдарда мұндай оқиғалардың жай-жапсары жиі жазылып жататыны жасырын емес. Осындайда жауапты сала басшылары мен тиісті органдар тарапынан қандай жұмыстардың атқарылып жатқаны баршаға қызық. Бұлай деуіміздің өз себебі бар. Өткен аптада жоғарыда аталған тақырып төңірегінде маңызды жиын өтті.
Нақтырағы Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен өткен ведомствоаралық комиссияның кезектен тыс отырысында құқық бұзушылықты алдын алу және осы бағыттағы өзекті мәселелер талқыланды. Сондай-ақ жиында қала аумағында жол-көлік оқиғаларын азайту, кәмелетке толмағандар арасында қылмыспен күрес шаралары баяндалды. Статистикаға ойыссақ, соңғы 9 айда қаламызда қылмыстық құқықбұзушылық саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 34,3 пайызға азайғаны байқалады. Онша ауыр емес қылмыстар 38 пайыз, ауырлығы орташа қылмыстар 29,5 пайыз, ауыр қылмыстар 42,6 пайыз төмендеген.
Мегаполисте жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін арттыру мақсатында кешенді жұмыстар жалғасуда. Қазір қала аумағында 16 мың жол белгісі бар. Биыл 520 жол белгісі қайта қалпына келтіріліп, 3 мыңнан астамы жаңадан орнатылды. Келесі жылы тағы 6 мың жол белгісін орнату жоспарлануда. Басқосуда құқық қорғау органы өкілдері келеңсіздік жиі болатын орындар мен уақыттарды, жасалу себептерін талдап, тиісті ұсыныстарын жеткізді. Құқықбұзушылықтар көбінесе жұма, сенбі, жексенбі күндері кешкі мезгілде тамақтану, ойын-сауық орындарында тіркеледі. Ал қалада тәулік бойы жұмыс істейтін 164 ойын-сауық орны анықталған. Осыны ескерген полиция өкілдері жергілікті деңгейде ойын-сауық мекемелерінің уақытын айқындауды ұсынып отыр.
Қала әкімі мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдерін құқықбұзушылықпен күресте күш біріктіріп, қылмыстың жолын кесуде кешенді шараларды тиімді пайдалануға шақырды. Өз сөзінде «Құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында тамақтану орындары мен ойын-сауық орталықтарының жұмыс уақытын шектеуді заң шеңберінде қарастырамыз. Бұл ретте Астана қаласының тәжірибесін енгізу де тиімді деп ойлаймын. Қатаң тәртіп болған жағдайда ғана заңсыздықтарды жоямыз. Азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтуда жол ережелерін ескермейтін көлік жүргізушілерімен де жұмысты күшейту қажет. Қылмысқа жол беретін барлық жағдайға тосқауыл қойып, тиісті шараларды күшейтуде бірлесе жұмыс істеуге шақырамын» деді қала әкімі. Осылайша кеңейтілген отырыста құқықбұзушылықтардың жолын кесетін тиімді ұсыныстар талқыланып, алдағы жоспарлар бекітілді.