МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУМЕН КӘСІП БАСТАҒАНДАРДЫҢ ҚАТАРЫ ҚАЛЫҢ
Бүгінгі таңда кәсіп бастап, нәсібін көрем деушілерге арналған мемлекеттік бағдарламалар жеткілікті. Газетіміздің бұған дейінгі сандарында өзімен қатар өзгелерді де жұмыспен қамтып отырған бірқатар азаматтар турасында тарқата жазғанбыз. Олардың қатары уақыт өткен сайын артып келеді.
Жалпы 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде Шымкент қаласында бизнес-бастамаларды іске асыру үшін халықтың әлеуметтік осал топтарына 447 грант және мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру аясында жастарға жеңілдікті шарттармен 261 микрокредит беру көзделген. Бүгінде 452 грант және 169 микрокредит берілді. Мемлекеттік қолдау алушылар өздерінің бизнес-жобаларын табысты іске асыруда.
Республика бойынша жыл басынан бері қатысушыларға 9000 грант беру жоспарланып, 9102 грант берілді. Шымкент қаласында жаңа бизнес идеяларды іске асыруға 452 грант тағайындалды. Оның ішінде 42 атаулы әлеуметтік көмек алушы, 89 мүгедектігі бар азамат, 212 көпбалалы отбасы, 73 мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған тұрғын, 36 асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік жәрдемақы алушы бар. Бұдан бөлек, осы жылдың басынан бастап жастарға жылдық мөлшерлемесі 2,5 пайыздық микрокредит беру жобасы іске қосылды. Республика бойынша 5,8 мың микрокредит беру көзделген, осы мақсаттарға 28,9 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінгенін де айта кету керек.