ҚАЗАҚСТАННЫҢ КӨРСЕТКІШТЕРІ КӨҢІЛ КӨНШІТПЕЙДІ

бір айлық шығынды жабуға
70 мың теңге жете ме?

Бүгінгідей қоғамның екі бүйірінен қысқан қымбатшылық уақытында көптің күнкөрісі қиындап кетті. Осындайда елге белгілі азаматтар ең төменгі жалақы мөлшерін арттыру бастамасын көтеріп жатыр. Дегенмен билік тарапы әзірге үнсіз. Ал халықаралық статистикалық көрсеткіштерге сүйенсек, жоғарыда аталған көрсеткішпен еліміз көштің соңында келеді. Тарқатайық…

Finprom.kz дерегіне сүйенсек, елімізде ең төменгі жалақыны 200 мың теңгеге дейін көтеру туралы петиция дауыс жинап жатыр. Үндеу авторы, заңгер Жандос Қамашев өз ұсынысын дәлелдеп, азық-түлік пен бірінші кезектегі қажетті тауарлардың бағасын ескерсек, қазір бір адамның айына 70 мың теңгеге өмір сүруі мүмкін емес екенін алға тартады. Ал шынтуайтына келгенде, бұл ақшаға бір адам емес, бүкіл бір отбасыны асырау, коммуналдық төлемдерді төлеу мен өзге де шығындарды жабу қажет. Қош делік, осыдан-ақ ең төменгі жалақының мөлшері көңіл көншітпейтінін аңғару қиын емес. Ал халықаралық зерттеулер не дейді?
Халықаралық еңбек ұйымының есебінше, еліміздегі ең төменгі жалақы мөлшері Африка мен Азиядағы кедей елдермен шамалас. Өткен жылдың қорытындысына сәйкес, ең төменгі жалақы мөлшері бойынша Қазақстан 128 АҚШ долларымен 109 мемлекеттің ішінде 77-орынға табан тіреген. Біздің еліміз осылайша әлемдік рейтингте Кения мен Непал сынды елдермен қатарлас тұр. Ал көш басына Швейцария жайғасты. Бұл елдің тұрғындары 41 сағаттық жұмыс аптасымен есептегенде айына кемінде 4,2 мың АҚШ долларын табады. Бұл елдегі сағатына төленетін ең төменгі жалақы – 25 АҚШ доллары шамасында. Бұдан кейін тізімде Аустралия, Люксембург және Ұлыбритания тұр. Поскеңестік елдерге ойыссақ, біздегі көрсеткіштен аса айырмашылығы жоқ. Ең төменгі жалақы Ресей, Беларусь және Арменияда 153-213 АҚШ доллары аралығында. Ал Орта Азия мемлекеттерінің нәтижесі бізден төмен.
Халықаралық еңбек ұйымының дерегіне сүйенсек, 2022-2023 жылдары әлемнің көптеген елдерінде нақты жалақының төмендеуіне жоғары инфляция, пандемия және соңғы екі жылдағы геосаяси дағдарыс қатты әсер еткен. Оның ішінде ең аз жалақы алатындар қатты зардап шекті. Ал ең төменгі жалақыға номиналды түзетулер жағдайға көп көмектеспейді. Өйткені ең төменгі жалақының сатып алу қабілеті төмендеді және бұл үрдіс жалғасып жатыр. Ұйымның соңғы есебінің деректері әлемнің көптеген аймақтарында былтыр нақты жалақы индексі теріс болғанын көрсетеді. Бірқатар елдерде жалақының сатып алу қабілеті 1–4 пайыз аралығында төмендеді. Қазақстанда жалпы жағдайдағы нақты жалақыны да оптимистік бағытта деп айта алмаймыз. ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының ақпаратына сүйенсек, соңғы бір жыл ішінде бұл көрсеткіш тұрақты түрде төмендеп жатыр. 2023 жылдың бірінші тоқсанында нақты жалақы индексі теріс мәнде болды. Нәтижесінде қазақстандықтардың жалақысының сатып алу қабілеті 0,6 пайызға төмендеді.
Елімізде ең төменгі жалақының өсуі экономикалық факторларға байланысты емес, үкіметтің шешімімен белгіленеді. Үш жыл қатарынан, нақтырағы, 2019–2021 жылдар аралығында ең төменгі жалақы бұрынғы деңгейде қалды. Мөлшері — 42,5 мың теңге. 2022 жылы ең төменгі жалақының 41,2 пайызға, яғни 60 мың теңгеге дейін ұлғаюы белгіленген ең төменгі стандартты ғана емес, жалпы еңбекақы қорын да ұлғайтуға ықпал етті. Биыл өсім аз болды. Яғни бар болғаны 10 мың теңгеге көбейді. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2024 жылы ең төменгі жалақы тағы 21,4 пайызға өсіп, 85 мың теңгені құрайды. Соның арқасында 1,8 млн қазақстандықтың табысы артпақ.
Әйткенмен мұның халыққа тигізер пайдасы орасан болады дегенге күмән көп. Өйткені ҚР Ұлттық экономика министрлігінің ҚҚС-ны 12 пайыздан 16 пайызға дейін ұлғайту туралы ұсынысына байланысты инфляция өршуі бек мүмкін. Нәтижесінде ең төменгі жалақыға қосылған 15 мың теңге аса қатты рөл ойнамауы ғажап емес. Ал жоғарыдағы бастамаға тиісті сала басшысының айтар өз уәжі бар. Парламент сенатының отырысында сөйлеген сөзінде ведомство басшысы Әлібек Қуантыров салық кодексінің жаңа нормасы бюджетті 2,4 трлн теңгеге дейін толықтыруға септігін тигізетінін айтты. Ұлттық экономика министрінің айтуынша, салықтың артуы негізінен импорттық тауарларға әсер етеді. Бірақ Қазақстан өзін тек негізгі азық-түлік өнімдерімен толық қамтамасыз ететінін және барлық өңделген өнімдер мен азық-түлік емес тауарлардың басым бөлігі шетелден келетінін ескерсек, ҚҚС өсімі инфляцияға әсер етеді деуге толық негіз бар.
Статистикаға сүйенсек, Қазақстандағы ең төменгі жалақы бұдан былай негізгі шығындарды жабуға жетпейді. ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросы іріктемелі зерттеулерінің нәтижелері бойынша, 2022 жылы және 2023 жылдың алғашқы екі тоқсанында қазақстандық орташа азаматтың ай сайынғы тұтынушылық шығыны ең төменгі жалақыдан кемінде 12,1 пайызға, ал ең көп дегенде 27,9 пайызға асып кеткен. Биыл екінші тоқсанда ел азаматтары азық-түлікке, киім-кешек пен аяқ киімге, коммуналдық қызметтерге, медицина мен білім алуға 79,8 мың теңге жұмсады. Бұл ең төменгі жалақыдан 14 пайызға артық.
Қош делік, сандарды сөйлетер болсақ, халықтың қамсыз өмір сүруіне 70 мың теңге жетпейді. Жыл сайын әупірімдеп қосылып жатқан азын-аулақ ақшаны инфляцияның жеп қойып жатқаны бесенеден белгілі. Әрине, мұндайда жұрттың несиеге жүгінуіне тура келеді. Артынша оны төлей алмай, тағы шығынға батады. Бір сөзбен айтқанда, былай тартсаң, арба сынады, былай тартсаң, өгіз өледі. Қақ ортада қалт-құлт етіп отырған халық бар. Оптимистік сценарийлер қашан жүзеге асып, халықтың табысы артады? Әзірге бұл сұрақтың басы ашық…

Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.