ЭКОЛОГИЯЛЫҚ СТАНДАРТТАРҒА САЙ ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІКТЕР САТЫП АЛЫНДЫ

Соңғы уақытта экология мәселесіне айрықша көңіл бөлініп келе жатыр. Баламалы энергия көздеріне деген сұраныс артты. Қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу өнеркәсібі өркендеп келеді. Әлем елдері экологиялық стандарттарға жауап беретін транспорттарға ауысып жатыр. Ол қатарда Қазақстан да бар. Қазіргі уақытта еліміздің әрбір өңіріндегі қоғамдық көліктер қатары қоршаған ортаға зияны жоқ транспорттармен толығуда.

Мәселен, жуырда Түркістан қаласындағы қоғамдық бағыттарға жаңа 20 автобус әкелінді. Қоғамдық көліктерді табыстау салтанатына Түркістан облыстық жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Қуатжан Жұматаев, Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков арнайы қатысты. Облыс орталығында қазіргі уақытта 21 қоғамдық көлік бағыты бар. Оларға 2 тасымалдаушы мекеме, атап айтқанда, «Жолаушы» ЖШС мен «ТехПрофАвто» ЖШС 220 дана қоғамдық көлікпен қызмет көрсетеді. Түркістан қаласы облыс орталығы статусын алғалы шаһарға жаңа 144 автобус алынған. Бүгін жаңадан алынған автобустар №7 және 31 бағыттарда қатынамақ.
«ЕВРО-5» экологиялық стандарттарға сәйкес, жаңадан келген «Saz LE-60» маркалы автобустар Өзбекстан елінде өндірілген. «Жолаушы» ЖШС тасымалдаушы мекемесі әр автобусты 50 млн теңгеден лизингпен алған. Жалпы сыйымдылығы — 60 адам. Автобустар мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған пандуспен және қауіпсіздікті сақтау мақсатында бейнебақылау камераларымен жабдықталған. Жоғарыда аталған бағыттардың барлығына электронды төлем жүйесі енгізілген.