ОРМАН КҮЗЕТІ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІМЕН 908 РЕЙДТІК ІС-ШАРА ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Түркістан облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасында Республика күніне орай жиын өтті. Басқарма басшысы жиынға қатысушыларды Республика күнімен құттықтап, орман шаруашылығы саласында үздік еңбек етіп жүрген қызметкерлер мен орман шаруашылығының ардагерлері, жануарларды заңсыз аулау барысында тосқауыл болған және орманды өрттен қорғауға атсалысқан азаматтар мен жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту бойынша еңбектері еленген тұлғаларды мемлекеттік наградалармен марапаттады.

Облыстың экологиялық жағдайын жақсартуда орман шаруашылығының қызметі ерекше екенін атап өтті. «Облысымыздың орман және жануарлар дүниесін қорғау мен өсімін молайту саласындағы нәтижелі жұмыс атқарып, өңіріміздің дамуына қосқан үлестеріңіз үшін алғысымды білдіремін. Алдағы уақытта да өңірдің табиғи ерекшелігі мен байлығын сақтау жолында сүбелі үлес қосатындарыңызға сенімдімін» деді Қайрат Абдуалиев. Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының «Отырар орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің орман күтуші-қорықшысы Темірхан Оразбеков Мемлекет басшысының орман шаруашылығы саласын дамыту мәселелеріне көп көңіл бөліп отқанын атап өтіп, қызметкерлерді Республика күнімен құттықтап, сала мамандарын қызметтегі жетістіктеріне алғыс жариялап, марапаттағаны үшін алғысын білдірді.
Сала үздіктері ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігіне қарасты Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің атынан I, ІІ дәрежелі «Қазақстан орманын қорғаудағы мінсіз қызметі үшін» медалімен, Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалды және Түркістан облысы табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиевтың алғыс хатымен марапатталды. Айта кетейік, 9 айдың қорытындысы бойынша – браконьерліктің алдын алу мақсатында орман күзеті қызметкерлерімен 908 рейдтік іс-шара ұйымдастырылып, 312 заңбұзушылық фактілері анықталды. Заң бұзушыларға 5 млн 635 мың теңге әкімшілік айыппұл салынып, оның 4 млн 230 мың теңгесі өндірілді. Жануарлар дүниесін пайдалану талаптарын бұзу бойынша қылмыстық 1 дерек тіркеліп, қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде.
2000 жылы «Сырдария-Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің аумағында орналасқан Сырдария өзенінің бойында Бұхар бұғыларын көбейтіп, келешек ұрпаққа жеткізу мақсатында 8 бас Бұхар бұғысы сыйға тартылып, өсіріле бастаған болатын. Бұхар бұғылары Сырдария өзеннің бойында құрылған арнайы тұқымбаққа жіберіліп, өңірлік табиғи паркінің мамандарымен күзетіліп келеді. 2023 жылдың көктемгі санақ есебі бойынша бұхар бұғыларының саны 208 басқа жетті.