АПОРТ АЛМАСЫ – ҚАЗАҚСТАННЫҢ БРЕНДІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысына жасаған жұмыс сапары барысында алманың апорт сортын өсіруді қайта қолға алып, алма Қазақстанның брендіне айналуы тиіс екенін айтқан болатын. Енді жуырда ҚР Әділет министрі Азамат Есқараев Алматының апорты Қазақстан бренді ретінде тіркелгенін мәлімдеді.

Нақтырағы «Апорт жөнінде Қазақстанға географиялық көрсеткішті тіркегенімізді қуанышпен хабарлаймын. Оның Алматыда, Қазақстанда шыққанын географиялық тұрғыда көрсеттік. Бұл жұмыс 2023 жылдың 13 қазанында жүрді. Қазір апортты халықаралық бренд ету жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Ол үшін тиісті қауымдастық Франция, Польша секілді дамыған елдерге жергілікті алмаларды экспорттау үшін материалдарды жеткізуде» деді Әділет министрі Үкімет кулуарында.
Айта кету керек, ашық деректерге сүйенсек, Алматы алмасының өзіндік тарихы бар. Апорт алмасын XIX ғасырда Ресейдің Воронеж облысынан қазіргі Алматы қаласы аумағына жер аударылған Игорь Редько есімді орыс бағбаны шығарған деген дерек бар. Ол Алатауда өсетін жабайы алма мен Ресей топырағынан әкелінген жемістің тұқымынан апорт сортын шығарған. Жаңа сорт Іле Алатауын жатсынбай, жақсы жеміс берген. Апорт алмасының салмағы 1 келіге дейін жеткен. 1990 жылдары қалада қарқынды құрылыс басталғанда алма бақтары аяусыз оталған. Қазір апорт бақтарында бұрынғыдай алма төгіліп тұрмаса да, бұл сорт түбегейлі жойылып кеткен жоқ.

«Уақыт».