ТӨЛЕБИ АУДАНЫНДАҒЫ САЯБАҚ АУМАҒЫНА 1200 КӨШЕТ ОТЫРҒЫЗЫЛДЫ

Елімізде көгалдандыру ісіне айрықша назар аударылып келе жатыр. Мұның климатты жұмсартуға, ауа сапасын арттыруға тигізер пайдасы орасан. Осы тұста айта кетерлігі, аталған бағыттағы жұмыстар Түркістан облысында айрықша қарқынмен жүзеге асырылуда. Мәселен, елді мекендердегі санитарлық тазалықты қамтамасыз ету бағытында облыс әкімдігінің тапсырмасына сәйкес, Төлеби ауданы аумағында бір ай бойы сенбілік өткізу жоспарланған.

Жоспарға сәйкес, өткен аптада 12 ауылдық округ, 1 қала территориясында тұрғындар мен еріктілердің қатысуымен тазалық шарасы өтті. Аудан әкімі Төлеген Телғараевтың тапсырмасына сәйкес, аудан орталығындағы «Төлеби» саябағы аумағын көркейту, көгаландыру мақсатында 3800 ағаш егу қолға алынды. Абаттандыру жұмыстарын жүргізу үшін 30 секторға бөлінген. Саябақ аумағын жасыл желекке орау, экологияны жақсартуға бағытталған іс-шарада қарағаш, яссин, каштан, катальпа ағаштарынан 1200 көшет отырғызылды. Сондай-ақ сенбілік барысында әрбір ұжым өзіне тиесілі аумақтарда тазалық жұмыстарын жүргізді.
Егілген көшеттерді күтіп-баптау мақсатында автоматтандырылған суғару жүйелері орнатылып, су ұңғымалары қазылған. Сонымен қатар орталықтың гүлденуін жандандыру жұмыстары күнделікті «Саябақтары» КММ-сі жүргізеді.