7 МИЛЛИОНҒА ЖУЫҚ ҚАНДАСЫМЫЗ АТАМЕКЕННЕН ЖЫРАҚТА ЖҮР
Болжамға сай, шет мемлекеттерде әлі де 7 миллионға жуық қандасымыз жүр. Бұл туралы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының жанынан құрылған қоғамдық кеңестің төрағасы Асылбек Байжұмаұлы айтты.
Оның айтуынша, дүниежүзі қазақтары қауымдастығының құрылғанына 32 жыл болды. Бұл — шартарапқа шашылып кеткен қазақтың басын қосайық, елімізге әкелейік деген ниетпен құрылған қауымдастық. Бүгінгі күні зор жетістіктерге жетіп отыр. Қазіргі күннің өзінде миллионнан астам қандасымыз келді, олар өсіп-өніп 3-4 миллионға жетіп қалды. Оралған қандастарымыздың барлығы осы жақтан білім алды, тиісінше әр салада жемісті еңбек етіп жатыр.
Қоғамдық кеңесте әлі де шетелде жүрген, елге қайтуға ниетті этникалық қазақтарды қайтару бойынша өзекті мәселелер қаралады. Өз сөзінде «Шет мемлекеттердегі қандастарға елімізді насихаттау арқылы олардың көшіп келуіне жағдай жасауымыз керек. Шекарадан өту, ыхтиярхат, оқу, жұмыс және тағы да басқа маңызды мәселелер бар. Осы мәселелердің шешімін бірлесе іздеу үшін қоғамдық кеңесті құрған жайымыз бар» деп түсіндірді Асылбек Байжұмаұлы.
Ол атап өткендей, бүгінде бірнеше миллион этникалық қазақ шет мемлекеттерде тұрып жатыр. «Болжам бойынша, шет мемлекеттерде әлі де 7 миллионға жуық қандасымыз жүр. Олар әсіресе, Қытай, Моңғолия, Ресей, Еуропа, Иранда шоғырланған» деп деректер келтірді Асылбек Байжұмаұлы.
С.НҰРАЙ.