МҮГЕДЕКТІГІ БАР АЗАМАТТАРҒА АРНАЛҒАН БОС ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫ ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТТІ

Мүмкіндігі шектеулі әрбір азамат – қоғамның ажырамас бөлшегі. Сәйкесінше, олардың қоғамда еркін өмір сүруі үшін барлық жағдайлар жасалуы керек. Бұл тұрғыдан келгенде, Шымкент қаласында қолға алынып жатқан шаралар жеткілікті.

Мәселен, жуырда үшінші мегаполистегі «Тең қоғам» әлеуметтік қолдау орталығында өткен жәрмеңкеге 25 жұмыс беруші мекеме қатыстырылды. Жұмыс іздеуші 100-ге жуық азаматқа 400-ге жуық жұмыс орны ұсынылды. Бүгінде қала бойынша 18 жастан асқан 33 мыңға жуық мүгедектігі бар азамат тіркелген. Оның ішінде 4115-і — бірінші топ, 15 411 және 13351 азамат — екінші және үшінші топ мүгедектері. Еңбекке қабілеттілерін жұмыспен қамту мақсатында қалалық «Еңбек мобильділігі» орталығы мен «Тең қоғам» орталығы тұрақты түрде бос жұмыс орындары жәрмеңкесін ұйымдастырып келеді.
Биыл Шымкентте «2021-2025 жылдарға кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба» шеңберінде 1727 мүгедектігі бар адамды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланған. Қазіргі таңда 1300-ден астам адам қамтылды. Сонымен қатар қалада 50 мекеме квота бойынша мүгедектігі бар азаматтарды жұмысқа қабылдайды. Қала әкімінің қаулысына сәйкес, биыл бұл мақсатта 227 жұмыс орнына квота белгіленген.