ПРЕЗИДЕНТТІК ЖАСТАР КАДР РЕЗЕРВІНЕ ҚҰЖАТ ҚАБЫЛДАУ ЖАЛҒАСУДА

Өткен аптада Жастар ресурстық орталығы ғимаратында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасындағы Президенттік жастар кадр резерві жобасына жастарды шақыру мақсатында мемлекеттік органдар мен оған бағынысты ұйымдардың 35 жасқа дейінгі азаматтары арасында кездесу өтті.

Кездесуге Президент Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің сарапшысы, Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі, Халықаралық дәрежедегі гроссмейстер Нахбаева Гулисхан Сайфуллинқызы, Департамент басшысы Сұлтанхан Шәкір Асылханұлы мен ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының Шымкент қалалық филиалының директоры Нысанбаев Әділет Әділбекұлы қатысты. Өңір жастары Президенттік жастар кадр резервіне үшінші іріктеудің басталғаны, оның ішінде осы жылғы ерекшелігі мен жобаның негізгі талаптары таныстырылды. Сонымен қатар кездесуде болған жастардың сауалдарына жауап берілді.
Еске сала кетейік, Президенттік жастар кадр резервіне құжат қабылдау 1 қыркүйекте бастау алған болатын. Құжаттарды қабылдаудың соңғы күні 30 қыркүйекке дейін жалғасады. Іріктеуге В1 деңгейінен төмен емес мемлекеттік тілді меңгерген, жоғары білімі және кемінде 5 жыл жұмыс өтілі бар 35 жастан аспаған Қазақстан азаматтары қатыса алады. Іріктеу бірнеше кезеңнен тұрады. Оның қорытындысы бойынша резервке үздік 50 үміткер іріктеледі. Резервте болу мерзімі-3 жыл. 6 бағыт бойынша өтінім жіберуге болады. Осы кезеңде резервшілер конкурстық іріктеуден өтпей-ақ әртүрлі мемлекеттік лауазымдарға тағайындалуы мүмкін. Жобаға қатысуға өтінімді сайтта 1-30 қыркүйек аралығында беруге болады pkrezerv.gov.kz. Айта кету керек, биыл инфрақұрылымды, өнеркәсіпті дамыту және сауда саясаты, агроөнеркәсіптік кешен және қоршаған ортаны қорғау, сыртқы саясат және инвестициялар, экономикалық және қаржылық саясат, цифрландыру, әлеуметтік саясат және азаматтық қоғам салалары бойынша резервке іріктеу өтеді.