МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАРДЫҢ ЖҰМЫС УАҚЫТЫ РЕЖИМІН САҚТАУЫНА МОНИТОРИНГ ЖҮРГІЗУ КҮШЕЙТІЛУДЕ
Жұмыс уақыты режимі — еңбекті ұйымдастырудың маңызды сұрақтарының бірі. Қызметшілердің демалыссыз ұзақ уақыт жұмыс істеуі олардың моральдық және психологиялық жағдайына әсер етіп, өндірістік шаршауға алып келетіні сөзсіз. Жұмыс уақыты режимін сақтау керісінше өнімділік деңгейін көтеруге, оның ішінде әр мекеменің тиімді жұмыс істеуіне тікелей әсер ететінін атап өту қажет. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының басшысы Д.Б.Жанысбек атап өтті.
Оның айтуынша, мемлекеттік қызметшілер үшін екі демалыс күні бар бес күндік жұмыс аптасы белгіленген. Шұғыл, күнi бұрын болжанбаған жұмыстарды орындау үшiн мемлекеттік қызметшілер еңбек заңнамасына сәйкес жұмыс уақытынан тыс істелетін жұмысқа, демалыс және мереке күндерiндегі жұмысқа тартылуы мүмкiн. Бұл жағдайларда мемлекеттік қызметшіге демалыс күндері немесе сағаттары беріледі немесе жұмысына еңбекке ақы төлеу жүйесіне сәйкес өтемақы төленеді. Жекелеген жағдайларды қоспағанда, үстеме жұмыстарға тартуға жұмыскердің жазбаша келісімімен ғана жол беріледі. Үстеме жұмысқа жұмыс берушіге жүктілігі туралы анықтаманы ұсынған жүкті әйелдер, он сегіз жасқа толмағандар және мүгедектігі бар адамдар жіберілмейді. Үстеме жұмыстар әрбір жұмыскер үшін тәулік ішінде – екі сағаттан, ал ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды және қауіпті жұмыстарда бір сағаттан аспауға тиіс. Үстеме жұмыстардың жалпы ұзақтығы жекелеген жағдайлардағы жұмыстарды қоспағанда, айына он екі сағаттан және жылына бір жүз жиырма сағаттан аспауға тиіс.
Оған қоса, заңнама талаптарымен мемлекеттік қызметшілер үшін уәкілетті адамның актісімен белгіленетін қашықтықтан жұмысты, аралас қашықтықтан жұмысты, жұмыс берушінің келісімі бойынша жұмыскерге жұмыс күнінің өзге де тәртібін орнатылумен ерекшеленетін икемді жұмыс уақыты режимінде жұмыс істеу мүмкіндігі қарастырылған. Өз кезегінде, мемлекеттік органдар жұмыс барысында жоғарыда көрсетілген заңнама талаптарын қатаң сақтап, мемлекеттік қызметшілердің құқықтарының бұзылу деректеріне жол бермеулері тиіс. Осы орайда, бүгінгі күнде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі және оның аумақтық департаменттері мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қорғау, оның бұзылуына жол бермеу мәселелеріне ерекше көңіл бөліп, осы бағытта ауқымды жұмыстарды жүргізуде.
Аталған жұмыстардың бірі ретінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Төрағасының 2023 жылғы 29 мамырдағы №121 бұйрығымен мемлекеттік органдардың жұмыс уақыты режимін сақтауына мониторинг жүргізу қағидаларының және №120 бұйрығымен мемлекеттік қызметшілер үшін қашықтықтан жұмысты, аралас қашықтықтан жұмысты, икемді жұмыс уақыты режимінде жұмыс істеуді қолдану қағидаларының бекітіліп, ағымдағы жылдың 12 маусымынан бастап қолданысқа енгізілуін ерекше атап өткен жөн.
Қағида талаптарына сәйкес, мемлекеттік органдардың жұмыс уақыты режимінің сақталуына мониторингті мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органның лауазымды адамдары мемлекеттік органдарға бармай, сондай-ақ мемлекеттік органға бару арқылы жүзеге асырады. Мемлекеттік органдарға бармай жұмыс уақыты режимінің сақталуына мониторинг тұрақты негізде жүргізіледі және мониторинг жүргізудің көзі болып ақпараттық жүйелердегі мәліметтер, мемлекеттік органдардың уәкілетті органға не оның аумақтық бөлімшелеріне ұсынатын мәліметтері, қол жеткізуді бақылау және басқару жүйесінің деректері, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілердегі жарияланымдар есептеледі.
Осы ретте, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен жүргізілген жұмыстардың нәтижесі бойынша Шымкент қаласының жергілікті атқарушы органдардың 97 пайызында мемлекеттік органдардың қолжетімділікті бақылау және басқару жүйесі орнатылып, «E-kyzmet» ақпараттық жүйесімен ықпалдастыру жұмыстары жүргізілген. Нәтижесімен аталған ақпараттық жүйе арқылы мемлекеттік қызметшілердің жұмыс уақыты режимінің сақталуына қашықтықтан мониторинг жүргізу мүмкіндігі пайда болды.
Мемлекеттік органға бару арқылы жұмыс уақыты режимінің сақталуына мониторинг мемлекеттік органдарға бару жоспарына сәйкес, бір тоқсан ішінде бір реттен кем емес жүзеге асырылады. Жоспарлар уәкілетті органмен және оның аумақтық бөлімшелерімен бір жылға бекітіледі және алдын ала мүдделі мемлекеттік органдарға жіберіледі. Мемлекеттік органдардың жұмыс уақыты режимін мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік органға бару арқылы тиісті мониторинг жылына екі реттен көп емес жоспардан тыс жүзеге асырылуы мүмкін.
Бұл тұста, уәкілетті органның және оның аумақтық бөлімшелерінің лауазымды адамдары жұмыс уақыты режимінің сақталуына мониторингті жүзеге асыру мақсатында сәйкестендіру карталарын көрсетіп мемлекеттік органдардың ғимаратына кедергісіз кіруге құқығы, мониторинг жүргізу барысында түсіндірмелер талап ететіні, сондай-ақ техникалық тіркеу құралдарын пайдалана алу мүмкіндігі бекітілген. Мониторингке қажет болған жағдайда әдеп жөніндегі уәкілдер мен қоғам өкілдері тартылуы мүмкін. Айта кету қажет, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының 10.07.2023 жылғы №42 бұйрығымен 2023 жылға арналған жоспар бекітіліп, бүгінгі күнде 10 мемлекеттік органға қатысты мониторинг жұмыстары жүргізілуде. Жылдың соңына дейін қосымша 9 мемлекеттік органда аталған жұмыстар жүргізілетіні жоспарланған.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының басшысы Д.Б.Жанысбек сөзін былай қорытындылады «Жұмыс уақыты режимінің сақталуына мониторинг нәтижелері тоқсан сайын жұмыс уақыты режимінің бұзылуының алдын алу және оған жол бермеуді қоса алғанда тиісті шаралар қолдану үшін мемлекеттік органдарға жолданады. Мемлекеттік органдардың жұмыс уақыты режимін сақтауына мониторинг жүргізу заң бұзушылықтарды болдырмауға, оларды алдын-алуға, мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған нәтижелі профилактикалық шара болып табылатынына және оның қорытындысы мемлекеттік қызметшілердің жұмысына оңды әсер ететініне сенімім мол».