«АУЫЛ АМАНАТЫ» БАҒДАРЛАМАСЫМЕН 129 ЖОБА МАҚҰЛДАНДЫ
Келес ауданында ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту әрі агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мақсатында «Ауыл аманаты» жобасы қарқынды жүзеге асуда. Бүгінде жаппай қаржыландыру қолға алынған.
Сонымен қатар жобаның ережелері жайлы ауданға қарасты ауыл тұрғындарына түсіндірме жұмыстары да жүргізілуде. Нәтижесінде «Ауыл аманаты» пилоттық жобасы бойынша, Келес ауданынан Қошқарата, Ошақты, Ақтөбе және Біртілек ауылдық округтерінен облыстық «Ырыс» МКҰ» ЖШС-не 171 жоба ұсынылып, оның 129-ы мақұлданып отыр. Аталған жоба аясында Келес ауданы облыс көлемінде төрттікке ілінген. Бұл туралы Келес ауданының әкімінің төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте талқыланды.
Бағдарлама аясында 5 ауылшаруашылық өндірістік кооперативі құрылып, 532 азамат 4 округтан қызығушылық танытқан. Соның бірі Қошқарата ауылдық округтерінен «Үш Арыс KZ» ӨК төрайымы Бахрамова Бақтыгүл жылыжай және мал шаруашылығын дамыту бойынша болса, қазіргі таңда 144 азамат несие алуға қызығушылық танытып, кооператив мүшесі ретінде тіркелген. Ошақты ауылдық округінен «Төрт түлік-2023» ӨК төрағасы Байболаев Бердібек мал шаруашылығын дамыту бойынша қазіргі таңда 146 азамат несие алуға қызығушылық білдірсе, Ақтөбе ауылдық округінен «Ақтөбе-ЕА» ӨК төрағасы Ендібаев Абдумүтали мал шаруашылығын нақты дамыту бойынша қазіргі таңда 73 азамат және «Тамсан-БТА» ӨК төрағасы Бауанов Тамсан балық шаруашылығын дамытуға қазіргі таңда 38 азамат несие алуға өтінім білдіріп отыр.
Пилоттық жобаға енген Біртілек ауылдық округінен «АгроКент» ӨК төрағасы Қонысбаев Қаныбек жылыжай және құс шаруашылығын дамыту бойынша қазіргі таңда 131 азамат несие алуға өтінім білдірген. Бүгінде ауылдардың даму динамикасы тұрақты бақылауға қойылған. Сондай-ақ шаруалар 678 млн теңге қаражат облыстық «Ырыс» МҚҰ» тарапынан мақұлданған. Жиын барысында аудан басшысы Жәнібек Есенұлы арнайы мамандарға ауыл халқының табысын арттыру үшін пилоттық жобаны жандандыру мақсатында бекітілген ауылдардан бөлек шалғайдағы ауылдық округтерге микрокредиттер беру және кооперативтерді ынталандыру бағытында нақты жұмыстарды қолға алуды тапсырды.