ШАРДАРАДАҒЫ ЖҮГЕРІ ЗАУЫТЫ БИЫЛ КҮЗДЕ ШАРУАЛАРДАН ЖҮГЕРІ ҚАБЫЛДАЙ БАСТАЙДЫ

Түркістан облысының оңтүстік аумақтарында мақтадан бөлек жүгері егуге бет бұру көзделген. Маусым айында құрылысы басталған жүгері өңдеу зауыты биыл күзде шаруалардан жүгері қабылдауға дайын. «Казкрахмал» компаниясы Шардарада салып жатқан жүгері өңдеу зауытыны жылына 150 мың тонна жүгері дәнін терең өңдейді. Жобаның құны – 31 млрд теңге. Онда 550 жұмыс орны ашылады. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Шардара ауданының тұрғындарымен кездесуінде ауыл шаруашылығы саласын әртараптандыру үшін қолға алынған жаңа зауытқа осы күзде жергілікті шаруалар жүгері өткізе алатынын жеткізді.

Ауданда орналасқан индустриалды аймақта орналасқан ірі өндіріс орнының құрылысы 2 кезеңнен тұрады. Алдымен жүгеріні сақтау және кептіру кешенінің құрылысын 2023 жылы аяқтау жоспарланған. Қазіргі таңда іргетасын құю жұмыстары аяқталып, құрал-жабдықтары алынған. Монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Екінші кезеңде жүгеріні терең өңдеу зауытының құрылысы 2024 жылы басталып, 2025 жылы толық іске қосылады. Өткен жылдың желтоқсан айында Алматы қаласына жұмыс сапарында жергілікті инвесторлармен кездескен өңір басшысы бірқатар жаңа жоба ұсынған болатын. Соның бірі – Шардара ауданындағы индустриалды аймақта салынатын жүгері өңдеу зауыты. Облыс әкімдігі тарапынан зауыт құрылысына қажетті инфрақұрылым мәселесін шешуге жан-жақты қолдау көрсетілуде. Бұл туралы «Өзіндік кірістерді арттыру үшін жаңа кәсіпорындар ашып, жұмыс орындарын құру қажет. Ауданға инвестициялар тарту керек. Бұл – жергілікті әкімдерге қоятын басты талаптарымның бірі. Біз кәсіпкерлерді қашан да қолдауға дайынбыз. Бұл – кәсібін дөңгелетемін деген азаматтар үшін үлкен мүмкіндік. Түркістан облысында кәсіпорындардың көбеюі ауданның экономикасының дамуына да, халықты тұрақты жұмыспен қамтуға да өз септігін тигізбек» деді Дархан Сатыбалды Шардара ауданының тұрғындарымен кездесуінде.
Облыс әкімі бүгін құрылыс алаңында болып, инвесторлармен кездесті. 35 гектар аумақта орналасқан зауытта крахмал сірнесі шығарылмақ. Бұл дақылдың құрамында 75%-ға дейін қант бар. Сондықтан өнімді өндірістік мақсатта, яғни табиғи қант алмастырғыш ретінде пайдалануға болады. Осы ретте крахмал-сірне зауыты еліміздегі ірі кондитерлік фабрикалар мен сусын шығаратын зауыттарды қажетті өніммен қамтамасыз етеді. Зауыт түрлендірілген крахмалдың 20-дан астам түрін, мальтоза және глюкоза балшырындарын, глютен, жүгері майын, ұрық, кебек, түйірленген құрама жем шығарады. Ал сірне – осы крахмалдан алынатын қою шәрбәт тәрізді тәтті өнім. Зауыт бұдан бөлек крахмал-глюкозалық қант пен тағамдық глюкозаны шығарады. Глюкоза алынатын шикізат тағы сол – крахмал.
Айту кетек керек, зауыт глюкоза балшырынын өндіру кезінде генетикалық түрлендірілген шикізатты қолданбайды, бұдан тыс жүгеріні қалдықсыз қайта өңдеу циклын жолға қойған. Кристалдық глюкоза — таза тəтті, әрі тез сіңетін жоғары сапалы тамақ өнімі. Кондитерлік нан-тоқаш өнімдерін, жеміс консервілерін, қоюлатылған сүт, балмұздақ жəне өзге де аспаздық өнімдерді шығару үшін осы глюкоза пайдаланылады. Жеке кәсіпкер өнімдерді ішкі нарықпен қоса сыртқы нарыққа да шығаруға ниетті. Зауыт өнімдерін Азия және Еуропа елдеріне экспорттайды. Жетісай, Мақтаарал, Шардара аудандарының шаруалары жүгері егудің тиімділігіне толықтай көз жеткізгенше зауытты шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында жүгеріні өздері егіп отырмақ. «Бұдан бөлек, Алатау батыр ауылдық округінің аумағынан шағын өндірістік парк ұйымдастыру үшін инфрақұрылыммен қамтылған 5 гектар жер «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына ұсынылды. Жоспарланған өндірістік паркте 5 шағын кәсіпорын орналасып, 200-ге жуық адам жұмыспен қамтылады. Мамыр айында тәжірибе алмасып, облыс аумағында зауыт-фабрикалар ашу, халықтың әл-ауқатын арттыру мақсатында облыстық делегациямен Қытай Халық Республикасына барған болатынбыз. Өңдеу өнеркәсібі саласында жаңа кәсіпорындар құру үшін облысымыздың оңтүстік аудандарының әлеуеті жоғары. Келіссөздер нәтижесінде «Шебер» тігін фабрикасы жиһаз өндірісін қолға алып, Қытай Халық Республикасынан құрал-жабдықтарды сатып алуға келісім-шарт жасады» деді Дархан Сатыбалды халықпен кездесуінде.