ҚАЗЫҒҰРТТА АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ ӨНІМ КӨЛЕМІ 15 ПАЙЫЗҒА ӨСКЕН
Түркістан облысында тағы бір жер дауы шешілді. Қазығұрт ауданы, «Қарабау» шаруашылығына берілген 4,4 мың гектар егістік жер телімі ауданның арнайы жер қорына қайтарылды. Оның 3 мың 900 гектары 7 өндірістік кооперативке конкурс арқылы берілді. Осылайша, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдыдан Қарабау ауыл округіндегі жер бөлу мәселесін шешуге қатысты көмек сұраған тұрғындар мәселесі шешімін тапты. Облыс әкімінің Қазығұрт ауданындағы халықпен кездесуіне келген тұрғындар бірнеше жылға созылған жер дауына нүкте қойған әкімге алғыс айтты.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының халықпен тұрақты кездесуі өткен аптада Қазығұрт ауданында жалғасты. Ел алдында есеп берген облыс басшысы биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығын қорытындылап, іске асқан жұмыстардың мән-жайын тұрғындарға баяндады. Алға қойылған мақсат-міндеттер мен қолға алынатын маңызды жобаларды жеткізді. «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 747 млн теңгені құрайтын 136 жоба мақұлданып, оның ішінде 73 жобаға 365 млн теңге несие берілді.
Шаруалардың еңбегінің арқасында ауыл шаруашылығы өнім көлемі соңғы 3 жылда 1,5 есеге өсіп, былтыр 66,7 млрд теңгеге жетті. Биыл 6 айда ауыл шаруашылығында өнім көлемі 21 млрд теңгені құрап, былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 15 пайызға өскен. Оның ішінде, биыл 6 айда мал шаруашылығында 18 млрд теңгенің өнімі өндірілсе, егін шаруашылығында 3 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Биыл 92 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Ауданда 181 гектарда жылыжайлар орналасқан. Сонымен қатар 665 гектарға қарқынды бау егілген. Ауданда 7 мың гектар жерде «нөлдік технология» қолданылуда. Яғни алдыңғы жылы жерді жыртпай тікелей егуді қолға алған «Сапа-2002» компаниясы бразилиялық тікелей егу дәнсепкішін алып, «нөлдік технологияны» 4 мың гектардан астам жерге енгізді. Нәтижесінде әр гектардан 21 мың теңге үнемдеп, 1 гектардан 30 центнер өнімге қол жеткізді.
«Дипломмен ауылға» бағдарламасы тарапынан жастарға қолдау көрсетіліп, қайтарымсыз көтерме жәрдемақы және үй салу немесе сатып алу үшін жеңілдетілген несие берілмек. Биыл 130 маманға 45 млн теңге көтерме жәрдемақы және 60 маманға 310 млн теңге көлемінде тұрғын үй сатып алу үшін бюджеттік кредит беру жоспарлануда. Қазығұрт ауданында 2020 жылдан бастап тұрғын үй кезегіндегі азаматтарға жалпы 247 млн теңге бөлініп, 28 пәтер пайдалануға берілді. Биыл тұрғын үй кезегіндегі азаматтарды қамтамасыз ету мақсатында, жалпы бюджеттен 384 млн теңге бөлініп, 40 тұрғын үй сатып алу жоспарлануда.
«Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында былтыр Жігерген және Сарапхана елді мекендеріндегі 2 мектепке 304 млн теңге қаралып, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар биыл жалпы құны 6 млрд теңгені құрайтын, 7 мектептің құрылысы жүргізілуде. Осы жылы 3 мектептің құрылысын аяқталады. Қалған 4 мектептің құрылысы 2024 жылы аяқталады. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2024 жылы Қазығұрт ауылы Болашақ мөлтек ауданынан 600 орындық 1 жаңа мектептің кұрылысы басталып, 2025 жылы пайдалануға беріледі. Жаңаталап елді мекенінен медициналық пункт салуға 82 млн теңге бөлініп, пайдалануға берілді. Биыл Жаңаталап, Ынталы және Қакпақ елді мекендерінде фельдшерлік-акушерлік пункттерді салу үшін 434 млн тенге қаралып, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Аталған нысандарды қазан айында пайдалануға беру жоспарлануда. Келесі жылы Қазығұрт ауданы бойынша 4 медициналық нысандарды салу жоспарланып отыр. Оның ішінде 3 фельдшерлік акушерлік пункт және 1 дәрігерлік амбулатория. Соңғы 3 жылда 9 спорт алаңы пайдалануға берілді. Ағымдағы жылы жеке кәсіпкер есебінен 1 жүзу бассейні, 1 тренажер залы және 1 футбол кешені салынып, пайдалануға берілді.
Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орындарын ашу» тапсырмасы аясында 900 ден астам жұмыс орындары ашылды. Жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыру үшін 50 адамға 69 млн. теңге қайтарымсыз грант берілді. Жалпы жыл соңына дейін 90 адамға берілетін болады. «Біздің мақсатымыз – облысымыздың әрбір елді мекенін дамыту. Қасиетті Қазығұрт өңірі туралы тарихи дерек көп. «Қазығұрттың басында кеме қалған, Ол әулие болмаса, неге қалған» деген сөз осы аймақтың ерекшелігін көрсетеді. Тек облыс орталығын ғана емес, аймақтарды да көркейту, тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау біз үшін өте маңызды. Жергілікті әкім, өз кезегінде, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін көтеруге бар күш жігерін жұмсау керек. Жаңа инвестицияларды тартуға, кәсіпорындарды ашу үшін барлық мүмкіндіктер мен тетіктерді қарастыру қажет. Аудандағы өзекті мәселелерді ең алдымен жергілікті халық жақсы біледі. Сондықтан, күрделі мәселелерді шешуге және ауданның дамуына сіздермен бірге жүйелі шаралар қабылдайтын боламыз» деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.
Облыс әкімі тұрғындар көкейіндегі сауалдарға жауап беріп, ұсыныстарын тыңдады. Кездесуден соң жеке қабылдау өткізіп,аудан азаматтарының өтініштерін қарады. Әрбір сұрақ заң аясында шешілетінін жеткізді.