3 МЫҢНАН АСТАМ АЗАМАТҚА АРНАУЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕР КӨРСЕТІЛДІ

Мүмкіндігі шектеулі азаматтар – қоғамның ажырамас бөлшегі. Сондықтан олардың да жан-жақты дамуына барлық жағдайлар жасалып келеді. Мәселен, Шымкент қаласында психоневрологиялық ауытқуы бар, тірек-қимыл жүйелері бұзылған мүгедек балаларға, 18 жастан асқан психоневрологиялық ауруы бар азаматтарға, өзіне-өзі қызмет көрсете алмайтын жалғызілікті І-ІІ топтағы мүгедектер мен қарттарға стационар, жартылай стационар және үйде қызмет көрсету жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтер жүзеге асырылады.

Бұл бағытта Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты 11 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтары жұмыс істейді. Бүгінде орталықтарда 1 мыңнан астам маман жұмыс істейді. Жыл басынан бері 3065 адам оңалту шараларымен қамтылған. Әлеуметтік қызметкерлер 936 азаматқа қызмет түрлерін үйлеріне барып көрсетеді. Мамандар ерекше күтімді қажет ететін азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту, өмірлік қиын жағдайларда қолдау көрсету мақсатында 8 бағытта қызмет көрсетеді. Атап айтқанда, әлеуметтік-медициналық, тұрмыстық, педагогикалық, психологиялық, еңбек, экономикалық, мәдениет және әлеуметтік-құқықтық қызметтері бар. Оның ішінде үйде қызмет көрсету жағдайында ерекше балалардың денсаулығына қарай төсектен тұру, киіну, жуыну, тамақ ішу мәдениеті, серуенге шығу, сабағын дайындау секілді қызметтерді көрсетіп, қоғамға бейімдейді.
Сала мамандарына артылған талап пен міндет те жоғары. 1 шілдеден бастап күшіне енген әлеуметтік кодекс аясында әлеуметтік қызметке мұқтаж адамдарға әлеуметтік қызметкерлерді таңдау мүмкіндігі ұсынылуда. Осы мақсатта 2025 жылдың 1 қаңтарына дейін әлеуметтік қызметкерлердің реестрі жасалады. Онда мамандардың біліктілігі, көрсететін қызметтердің түрлері мен сапасы, жұмыс нәтижелері туралы ақпарат енгізіледі. Бұл қызметті тұтынушыларға бәсекелестік ортадағы әлеуметтік қызметкерлерді таңдауға мүмкіндік береді. Әлеуметтік жұмысқа тек тәуелсіз кәсіби біліктілікті бағалау жүйесінен өткен, сертификатталған мамандар ғана жіберіледі.