ТҮЛКІБАСТЫҚ ДИҚАН ТӘУЛІГІНЕ 4 ТОННА ҚИЯР ЖИНАЙДЫ
Әлем көзі ілеспес жылдамдықпен өзгеріп келеді. Геосаяси оқиғалардың ушығуымен қоғам күрт өзгерді. Өз кезегінде, әрбір сын сағаттың артында жаңа мүмкіндіктердің жататыны белгілі. Осы орайда, елімізде соңғы уақытта ауыл шаруашылығын дамытуға айрықша көңіл бөлініп келеді. Қазіргі таңда кәсіп бастаймын деген азаматтарға көрсетілер қолдау да көп. Оны пайдаланып жатқандар өзімен қатар өзгені де жұмыспен қамтып әрі саланың дамуына өлшеусіз үлес қосып жатыр.
Мәселен, Түлкібастағы Жаскешу ауылының тұрғыны Назира Телғозиева 2023 жылдың сәуір айында мемлекеттен қайтарымсыз грант алған. Бүгінде ол ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында 3 га егістік алқабында қияр өсіруде. Тәулігіне төрт тонна қияр алатын егістікте 20 адамды жұмыспен қамтып отыр. «Бүгінде ізденіп еңбек етіп, жеке кәсібін өрлетемін деген азаматқа мүмкіндіктер өте көп. Ең бастысы, ерінбеу керек деп ойлаймын. Жолдасым екеуміз осы кәсіпті игеріп келе жатқанымызға біршама жыл болды. Отбасылық кәсіп деп айтуға да болады. Бүгінде еңбегіміздің нәтижесін көріп отырмыз. Табысымыз отбасымызға толық жетеді. Қазіргі тағда қиярға сұраныс өте жоғары, сол үшін балаларымыз да арасында көмек беріп, қолдау көрсетеді» дейді кәсіпкер.
Егін алқабының басынан келісін көтерме бағада 90-100 теңгеден кәсіпкерлердің өзі келіп алып кететінін алға тартқан отағасы, алынып жатқан қиярлардың басым бөлігі көршілес Сайрам ауданына кетіп жатқанын айтады. Телғозиевтер отбасы мұнымен тоқтап қалмай алдағы уақытта өнім көлемін ұлғайтып, тағы біршама адамды жұмыспен қамтымақ. Еске сала кетсек, 2023 жылға берілетін мемлекеттік қайтарымсыз гранттың үшінші легі ағымдағы жылдың қыркүйек айында басталады деп жоспарланып отыр.