ЖАҢА БАСТАМА АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫНА ҮЛКЕН ҚОЛДАУ БОЛУДА
«Ауыл аманаты» жобасы агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға үлкен мүмкіндік береді. Осы орайда, Түркістан облысына қарасты аудандарда аталған жобаны жүзеге асыру бойынша қыруар іс атқарылып келеді. Ол қатарда Созақ ауданы да бар. Жалпы аталған ауданның ауыл шаруашылығын дамытудағы әлеуеті жоғары.
Осы ретте аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков аталған жоба аясында Құмкент ауылдық округі тұрғындарының қатысуымен жиын өткізді. Онда ауыл азаматтарының тұрмысын түзеуге бағытталған жылдық мөлшерлемесі 2,5 пайызды құрайтын жеңілдетілген несиенің өзектілігіне тоқталды. Сондай-ақ жеңілдетілген несиелер бойынша қажетті ақпараттармен бөлісіп, алу жолдарын жан-жақты түсіндіріп өтті. Шаруалар мен кәсіпкерлік бастамасы бар тұрғындар көкейдегі сауылдарын жолдап, сала мамандары тарапынан толықтай жауап берілді.
Айта кетейік, бүгінгі таңда аталған бағдарлама бойынша Созақ және Құмкент ауылдық округтерінен 70 азамат құжат тапсырып үлгерді. Оның ішінде Құмкен ауылдық округінен 9 азамат 35 млн теңге жеңілдетілген несие алып, 17 азаматтың құжаттары 69 млн теңгеге мақұлданды. Дәл осылай Созақ ауылдық округінде 12 азамат 55,5 млн теңге несие алып, 36 азаматтың құжаты 158,2 млн теңгеге мақұлданып отыр. Сонымен қатар «Ауыл Аманаты» бағдарламасының екінші кезеңінде Шолаққорған және Жартытөбе ауылдық округтері ұсынылды.
Бүгінде Жартытөбе ауылдық округінен «Сенбек-Ата» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылып, құрамына 64 азамат тіркелген. Шолаққорған ауылдық округі бойынша «Созақ Агро өнімдері» ауыл шаруашылығы кооперативі құрылып, оған 70 адам тіркелді. Кооператив мүшелерін тіркеу жұмыстары әлі де жалғасуда. Тіркелген азаматтардың бірқатары құжаттарын тапсырып та үлгерген.