ҚАЛА ӘКІМІ ЖЕР ҚОЙНАУЫН ПАЙДАЛАНУШЫЛАРМЕН КЕЗДЕСТІ

Бүгінде жерді заңсыз пайдалану фактілері тыйылмай тұр. Сәйкесінше, аталған заңбұзушылықпен күрес те күшейген. Осы орайда, жуырда Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова мен жер қойнауын пайдаланушы мекеме, кәсіпорын басшыларының қатысуымен үлкен жиын өтті.

Аудан әкімінің төрағалығымен өткен жиынға қалалық мәслихат төрағасы Қайрат Ахметов, Арыс аудандық прокуроры мен аудандық көлік прокуроры және салаға жауапты облыстық басқармалар мен департамент өкілдері, қалалық Ардагерлер кеңесі мен қала әкімі аппараты және елді мекен тұрғындары, БАҚ өкілдері қатысты. Жиынды ашқан Гүлжан Мамытқызы күн тәртібіндегі мәселелермен таныстырып, олардың шешу жолдарын талқылады. Өз сөзінде «Ауыр жүк көліктеріне шамадан тыс құм арту қала жолдарының бұзылуына негіз болуда. Одан бөлек, Отырар мен Талдықұдық ауылында тұратын азаматтар ауыр жүк көліктері көшені құмға көміп, шаңдатып кетеді деп шағымдануда. Бұл дұрыс емес. Ауыр жүк көліктері құм артқанда белгіленген нормадан асырмауы тиіс және төбесі арнайы жамылғымен жабылуы керек» деді аудан басшысы.
Сондай-ақ Гүлжан Мамытқызы жер пайдаланушы кәсіпорындар Арыс қаласында құм өндірумен айналысқандықтан, кәсіп иелеріне Арыс қаласына салық төлеуші болып тіркелуі жөнінде ұсыныс енгізді. Одан бөлек, автомобиль жолдарының бұзылуының алдын алу мақсатында карьер басшылары өз қаражаты есебінен ауыр жүк көліктеріне арналған альтернативті жолға тас төсеп, сол жолдармен жүру бойынша ұсыныс айтты. Кәсіпкерлік нысандар кәсіпорын айналасы мен елді мекен аумағын қоршап, абаттандыру, көгалдандыруға мән беруі керегін ескертті. Сондай-ақ қолданыстағы заң талаптарын, келісімшарт және лицензия шартын бұзған кәсіпорындарға облыстық құзырлы органдар тарапынан шара көрілетіні сөз болды.
Жиында облыстық басқарма басшыларының өкілдері, жиынға қатысқан кәсіпкерлер көтерілген мәселелерді талқылап, ұсыныстарын, өз ойларын ортаға салды.