АУДАН ӘКІМІ ШАРУА ҚОЖАЛЫҚ БАСШЫЛАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Түркістан облысына қарасты Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков Жон бойындағы шаруа қожалық жетекшілерімен кездесті. Сапар барысында «Бабата-1» ЖШС егістігінде болып, онда мал азығының бағасы, жерді тиімді пайдалану, игерілмей жатқан жерлерді мемлекетке қайтарып, жұмыс жүргізетін азаматтарға беру жайы талқыланды. «Бабата-1» ЖШС төрайымы Сәуле Қалдыбекованың айтуынша, биылғы жылы 120 гектарға бидай өнімі, 595 гектар алқапқа жоңышқа егілген. 

Бұдан соң аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы арнайы «Бірлік» шаруа қожалығына барды. Онда жүріп жатқан күзгі дала жұмыстарымен танысып, өнім көлемі мен сапасын назарға алды. Сондай-ақ биылғы жылы ауданда көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге қажетті жанар-жағармайға ниет білдіруші ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 240 тонна жеңілдетілген жанар-жағармай бөлінгенін айтып өтті. Бүгінде «Бірлік» шаруа қожалығы 10 гектар алқапқа арпа дақылдарын егіп, ору науқанын бастап кеткен. «Биыл астық ору науқанын өткен жылмен салыстырғанда 10-15 күн ерте бастадық. 3 комбайн жұмыс істеуде. Бірер күнде шашпай-төкпей жиын терінді аяқтап қаламыз» дейді жұмыс басында жүрген шаруалар.
Айта кетейік, биылғы жылы теріскейлік шаруалар ерте көктемнен бастап көктемгі егістік жұмыстарына белсене кірісіп, бүгінгі таңда 14302 гектар алқапқа түрлі ауыл шаруашылығы дақылдарын екті. Оның ішінде бидай 320 га, арпа 1125 га, жүгері 817 га, картоп 494 га, мақсары 100 га, көкөніс пен бақша дақылдары 964 гектар аумаққа егілген. Аудан көлемінде барлық ауыл шаруашылығы құрылымдарында 368 ауыл шаруашылығы техникасы бар, оның ішінде 160 трактор, 5 комбайн, 70 тіркемелер және 133 басқа да қосымша техника жұмысқа сақадай сай тұр.