БАСТАМА СУ ТАПШЫЛЫҒЫН АЗАЙТУҒА МҮМКІНДІК БЕРЕДІ

ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Шардара су қоймасының түбін тазартуға кірісті. Бұл жұмыстар нысанның жұмыс сапасын арттыруға сеп болмақ. 

Айта кететіні, су қоймасы 1966 жылы салынған және көлемі бойынша елімізде үшінші орында тұр. Шардара су қоймасының соңғы батиметриялық түсірілімі (тереңдіктегі бірдей сызықтар туралы деректерді жинау процесі) 1977 жылы жүргізілген. Сол уақыттағы есептеулерге сүйенсек, су қоймасының көлемі 5,2 млрд.м3 құраған екен.
Уақыт өте келе су қоймасының түбі біртіндеп шөгінділерге толып, нысан көлемінің өзгеруіне әкеліп соққан. Мәселен, соңғы 55 жылда шөгінді тұнбасының көлемі шамамен 20%-ды құрайды. Жаңа батиметриялық түсірілім су қоймасының нақты көлемін анықтау үшін жүргізілді. Бүгінгі таңда зерттеу жұмыстары басталып, су қоймасының түбінен сынақ материалдары алынды. Олар шөгінділердің арақатынасын анықтау үшін зертханаға жіберілген. Ал шөгінділерді өңдеп, материал ретінде кәдеге жарату жаңа технологияларды қажет етеді.
Айта кету керек, мұндай жұмыстар біздің елімізде алғаш рет жүргізілуде. Бұл оңтүстік өңірлердегі су тапшылығын жою үшін жаңа серпін болмақ.