ЕМДЕУ ШАРАЛАРЫ НӘТИЖЕСІН БЕРУДЕ

Әрбір бүлдіршін – қоғамның ажырамас бөлшегі. Сондықтан барша баланың қоғамда өзін еркін сезініп, жан-жақты дамуына барлық жағдайлар жасалып келеді. Жалпы қазіргі таңда Шымкент қаласында оңалту орталықтары белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Нәтиже де жоқ емес. Бүгінгі материалымызда дәл осы тақырып турасында тарқата жазбақпыз…

Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасына қарасты психикалық денсаулық орталығындағы оңалту бөлімшесі осыдан екі жыл бұрын ашылған болатын. Осыған дейін мұнда аутизмге шалдыққан 359 бала оңалту шарасынан өтті. Жуырда қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков емдеу орталығына арнайы барып, емдеу жұмыстарымен танысқан еді. Орталықта ем алған балаларда оң нәтижелер байқалады. Түзету-дамыту бағытындағы кешенді шаралардың нәтижесінде олардың сөйлеу қабілеті жақсарып, моторлы еліктеулерді түрткі арқылы орындау, дұрыс отыру және көпшілік ортада еркін сезіну сынды жақсы көрсеткіштер байқалған.
Айта кетейік, оңалту бөлімшесінде аутизммен есепте тұратын балаларға амбулаториялық деңгейде медициналық көмектер көрсетіледі. Бөлімшеде медициналық-диагностикалық қарап-тексеру, түзету жұмыстары, сенсорлық интеграция, психофизикалық жағдайды тұрақтандыруға арналған дене тәрбиесі бойынша жұмыстар жүргізіледі. Алдағы уақытта бөлімшенің жұмысын кеңейтіп, аутизмге шалдыққан балаларға қолжетімді медициналық қызметтерді замана талабына сай жандандыру бағытында тиісті жұмыстар жүзеге асырылады.