БИЫЛ 340 МЫҢҒА ЖУЫҚ БАЛА БІРІНШІ СЫНЫПҚА БАРАДЫ

олардың 70,7 пайызы қазақ тілді мектепті таңдаған

Аптаның екінші күнінде еліміз бойынша 1 сыныпқа оқушыларды қабылдау мерзімі аяқталды. Балаларды мектепке қабылдау бойынша тиісті өтініш жолдап, құжаттарды реттеу 1 сәуірден 1 тамызға дейінгі аралықта жүргізілді. Соған сәйкес 339 880 оқушы бірінші сыныпқа қабылданды. Құжаттарды қабылдау еgov.kz электронды порталы және жергілікті атқарушы органдардың ақпараттық жүйелері арқылы жүзеге асырылды.

Берілген төрт ай ішінде қазақстандықтардан 377 681 өтініш келіп түскен.
Өтініш берушілердің 70,7 пайызы мемлекеттік тілде білім алуға ниет білдірген.
Айта кетейік, республика бойынша бірінші сыныпқа қабылданушылардың ең жоғары көрсеткіші Шымкент қаласында тіркелген.
Жалпы Шымкентте әр жаңа оқу жылында бірінші сыныпқа баратын оқушылардың саны сәйкес кезеңмен салыстырғанда анағұрлым көп болады. Мысалы, 2021-2022 оқу жылында бірінші сыныпқа баратын оқушылардың саны 25005 бала болса, 2022-2023 оқу жылында 26781 оқушы қолына алғаш қалам ұстаған. Биыл бұл көрсеткіш 27 мың оқушыға жетіп отыр. Олардың 82,7 пайызы қазақ тілді мектепті таңдаған.

«Уақыт».