ӨЗГЕНІҢ ҚАҢСЫҒЫ БІЗГЕ НЕГЕ ТАҢСЫҚ?
Елімізде ескі көліктер қаптап кетті. Жуырда Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде дәл осы мәселеге арнайы тоқталып, түсіндіріп өтті.
Өз сөзінде спикер «Шетелден қосалқы бөлшек ретінде кіргізілген көліктерге келсек, олардың техникалық жағдайы біздің автомобильдерден нашар деп айтпас едім. Бұл автомобильдердің көбі, шамамен 99 пайызы Жапонияда жасалған. Тіпті кейбір техникалық сипаттамасы мен жағдайы біздің кейбір көліктерден жақсырақ деуге болады. Тек олар елімізге қосалқы бөлшек ретінде кіргізілген. Адамдар кезінде кедендік баж төлегісі келмегендіктен, осылай істесе керек. Қосалқы бөлшек ретінде сырттан машина кіргізу — автомобиль ретінде кіргізуден әлдеқайда арзан. Яғни, шанағын бөлек, қозғалтқышын бөлек, дөңгелектерін бөлек әкелген. Осында әкелген соң қайта бұрап, құрастыра салған. Сондықтан ондай көліктер қалыпты қозғалып жүр» деді.
Комитет төрағасының айтуынша, елдегі көлік паркі утиль алымы пайда болған кезден бастап қатты ескірген. Нақты статистикаға сүйенсек, 2015 жылы утильалым енгізілгенге дейін Қазақстандағы автомобильдердің «орташа жасы» 14-15 жыл болса, қазір 24-25 жылға жеткен.