КЕЛЕСТІК АЗАМАТТАР ЖІБЕК ҚҰРТЫН ӨСІРУГЕ ЫНТАЛАНЫП ОТЫР

Түркістан облысына қарасты Келес ауданының Біртілек ауылдық округінің «Ауыл аманаты» пилоттық жобасына қатысуы көзделген. Қазіргі таңда аталған жоба аясында 5 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылып, 401 адам қызығушылық танытып отыр. Оның ішінде 78 азаматтың құжаттары аудандық «Ырыс» микрокредиттік ұйымының өкіліне тапсырылса, 38 азаматқа облыстық микрокредиттік ұйымы тарапынан несиелері мақұлданды.

Солардың қатарында тұт ағашын егіп, жібек құртын өндіруге бет бұрмақ болған азаматтар да бар. Оларға аудан әкімдігі тарапынан қажетті көмектер берілмек. Бұл туралы Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев Біртілек ауылдық округінің тұрғындарымен өткен кездесуінде атап өтті.
«Ауыл аманаты жобасы — кәсібін бастамақ болған азаматтар үшін таптырмас мүмкіндік. Бұл жобаға Біртілек ауылдық округінің әлеуетін ескере келе қатыстыруды жөн санадық. Бүгінде ауылдық округі аумағында «АгроКент» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі жылыжай және құс шаруашылығын дамыту бағыты бойынша ұсынылып, 78 адам кооперативке тіркелген. Қазіргі таңда 20 адамның құжаты заңдастырылуда. Бұдан бөлек, өзім ауылдық округтің тыныс-тіршілігімен танысу үшін мамыр айында Біртілек ауылдық округіне қарасты елді мекендерді арнайы араладым. Аралау барысында бірнеше тапсырмалар бердім» деген аудан әкімі берілген тапсырмалардың орындалуы туралы кеңінен тоқталып өтті.