ХАЛІҢ ҚАЛАЙ, ҚАЗАҚ ТУРИЗМІ?

тұралаған салада даму бар, әйткенмен әлемдік көштегі көрсеткішіміз төмен 

Туризм – елдің оң имиджін қалыптастыратын саланың бірі. Бүгінде дамыған мемлекеттерді былай қойғанда, дамушы елдер де туристерге қызмет көрсетуге маманданып келеді. Осы арқылы ел қазынасына да қыруар қаржы құйылуда. Аталған тақырып турасында сөз қозғалса, Қазақстанды айналып өте алмасымыз анық. Рас, ауыз толтырып айтар жетістіктеріміз жоқ. Әйтпегенде ше, жыл сайын мыңдаған қазақстандық демалу үшін алды Түркия мен Египет асса, арты Өзбекстанға сапар шегеді. Ал біздегі қонақ үйден бастап өзге де қызмет көрсету сапасы төмен, бағасы қымбат.

Өз кезегінде, мұның өзі туризм саласын дамытуға мұрындық болуы тиіс. Ендеше Үкімет пен тиісті министрлік тарапынан қандай шаралар атқарылып жатыр? Жуырда Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов пандемияның ауыр зардаптарына қарамастан, өткен жылдың қорытындысына сәйкес, Қазақстандағы туризм қалпына келгенін мәлімдеді. Оның айтуынша, ішкі туристер саны 25%-ға өсіп, 8,6 млн адамға жеткен. Бұл пандемияға дейінгі деңгейден 2 млн-ға жуық адамға жоғары. Сондай-ақ өткен жылы Қазақстанға 1 млн-ға жуық шетелдік турист келсе, биыл бұл көрсеткіш 1,4 млн адамға дейін артады деп күтіліп отыр. Бұл шетелдік қонақтардың Қазақстанға туристік бағыт ретінде қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетеді.
Қош делік, жүз мыңдаған шетелдік Қазақстанға қонаққа келсін делік, «оларды қабылдауға қауқарымыз жете ме?» деген заңды сауалдың туындайтыны анық. Соңғы статистикалық көрсеткіштерге сүйенсек, республикадағы қонақ үйлер саны 284 бірлікке артып, 4 мыңға жетіп отыр. Жалпы сыйымдылығы 203 мыңнан астам төсек-орынды құрап, 10 мың бірлікке көбейген. 2022 жылы туристерді орналастыратын орындардың жалпы табысы 183 млрд теңгеге жеткен. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 68%-ға жоғары. Нәтижесінде туристік қызметтен түсетін салық түсімдерінің рекордтық деңгейі тіркеліп отыр. Осы жылдың І тоқсанындағы көрсеткіштер саладағы өсудің жалғасып келе жатқанын айғақтады. Бұдан бөлек, Қазақстанда туристік инфрақұрылымды дамыту бойынша жұмыс жалғасып келеді. Мәселен, өткен жылы құны 27 млрд теңге болатын 28 жоба аяқталды. Оның ішінде Балқаш курорттық аймағында инженерлік коммуникациялар және Ақтау қаласының жылы жағажайына дейін автожол салынуы, сондай-ақ әуе тасымалы мүмкіндіктерін едәуір кеңейткен Үшарал және Үржар әуежайларының іске қосылуы ерекше маңызға ие. Қазіргі таңда 439,3 млрд теңгені құрайтын 83 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылып отыр.
Саланың әлеуеті жоғары екенін жиі жазып келеміз. Сәйкесінше, қаржы құюжы қалайтын кәсіпкерлердің де саны артып барады. Мәселен, 2019 жылдан бері жалпы құны 420 млрд теңгеден асатын 360-тан астам инвестициялық жоба іске қосылған. Биыл 14,5 мың төсек-орын мен 2 мың тұрақты жұмыс орнын ашу бойынша 288 млрд теңгенің 115 жобасы жүзеге асырылып отыр. Премьер-министр Әлихан Смайыловтың айтуынша, өткен жылдың қорытындысы бойынша туризм саласынан түскен салықтардың көлемі 390 млрд теңгені құраған. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 1,5 есе көп. Жалпы Қазақстанның туристік нысандарына қызығушылық артып келеді
Әйткенмен мәселелер де жоқ емес. Жыл сайын жағажайлар мен туристік зоналардың ластануына қатысты сын айтылады. Тұрғындар мен бизнес тарапынан қарапайым жағдайдың жоқтығына, жолдардың нашарлығына, туристік объектілердегі антисанитарияға шағымдар көп. Туристік маусым енді басталды, соның өзінде қызметтердің сапасы бойынша мемлекеттік органдарға 500-ден астам ресми шағымдар мен өтініштер келіп түскен. Ал шетелдік туристерге ойыссақ, келеңсіз жайттарды жиі байқаймыз. Әуежайдан қонақ үйге дейін әлденеше есе артық ақы алып, табанын жалтыратқан такси жүргізушілерінің оқиғасы қоғамның есінен шыға қоймаған шығар. Өз кезегінде, мұндай келеңсіз жайттар елдің имиджіне нұқсан келтіреді, сондықтан мемлекеттік органдар да, бизнес те осы проблемалардың бәрін шұғыл шешуі керек.
Жуырда Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов саланы дамыту арқылы әлемдік көштегі көрсеткішімізді жақсарту керегін айтқан еді. Нақтырағы «Біздің міндетіміз – барлық өңірде инфрақұрылымның, логистиканың, сервистің сапасы мен қызмет көрсету мәдениетінің даму қарқынын арттыру. Қазақстан 2029 жылға қарай Саяхат пен туризмді дамытудың жаһандық индексі рейтингінде 50-ші орыннан төмен болмауы тиіс» деген болатын. Қазір аталған рейтингтегі орнымыз көңіл көншітпейді. Сәйкесінше, әлеуетіміз болғанымен, әліміз келмейтін тәрізді. Ал өзге елдердің туризмнен тауып жатқан пайдасы қыруар. Мәселен, 2021 жылы АҚШ-та туристерге қызмет көрсетуден 70 миллиард доллар кіріс кірсе, Франция – 40, Испания – 34, Біріккен Араб Әмірлігі – 34, Англия – 33, Түркия – 26, Италия – 25, Германия – 22, Мексика – 19, Австралия 17 миллиард доллар табыс тапты.
Қорыта айтқанда, оңтүстік пен батыстың, шығыс пен Жетісудың жауһарларын табыс көзіне айналдыра алмай келеміз. Рас, даму бар. Әйткенмен межелеп отырған елулікке мұнымен кіре қоюымыз екіталай. Әлемдік көштегі өзге елдердің қол қусырып отырмайтынын ескерсек, даму қарқынын жеделдету керек-ақ. Әйтпегенде бармақ тістеп, ала шапанды ағайынның туризміне тамсанумен ғана шектелетін түріміз бар…

Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.